Екі тағдыр - бір өмір

Екі тағдыр - бір өмір
фото: Астана қаласының әкімдігі

Кеше «Қанаттылар» инклюзивті театры IV маусымының ашылуына орай көрермен назарына «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драмасын ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қойылымның авторы – драматург Ақбота Ермаханова, режиссері – Сүндет Сарсен. Автобиографиялық драма адам тағдыры, өмір сынағы, ішкі күйзеліс пен уақыттың адам жанын емдеуі тақырыптарын арқау етеді.

«Иә тағдырым, сен жеңдің. Ештеңе... Мүлдем ештеңе болмағандай өмірім жалғасын таппақ...» деген драмалық монолог арқылы кейіпкердің тағдырмен бетпе-бет келуі, өткенді қабылдауы және өмірді қайта жалғастыруға талпынысы көрініс табады.

Қойылымның басты ерекшелігі – сахнада «Қанаттылар» инклюзивті театрының актерлері өнер көрсетеді. Өмірлік түрлі жағдайларға қарамастан, ерекше жандар өздерінің шығармашылық қабілетін сахна арқылы танытып, өнердің шекара мен шектеуге бағынбайтынын көрсетеді.

- Бұл спектакль қазіргі уақытта біздің театрдың бойтұмарына айналған. 

Себебі көрермендерідң сүйіп көретін қойылымдарының бірі. Мұнда махаббатта, өмірге деген құлшыныста бар. Өмірге мойымай қиыншылыққа шыдаған адамның тағдыры бейнеленеді. Міне осы қойылым сол арқылы өз көрерменін тапқан деуге болады, -деді Астана қаласы «Қанаттылар» инклюзивті театры басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары Манат Дәулетбекұлы.   

Бүгінде театр құрамында 40-қа жуық актер бар. Театр репертуарында түрлі жанрдағы қойылымдар қамтылған. Атап айтқанда, «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклі, «Үй таңданған лақ» ертегісі, «Қызжылаған» драмасы, «Өмір-ғайып» мелодрамасы, «Күле аласыз ба?» комедиясы, «Арман» музыкалық драмасы, «Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасы, «Алло, бұл кім?» лирикалық комедиясы, «Абай-LA» хореопоэтикалық философиясы, «Таң сәулесін шашқанда» лирикалық драмасы және «Соқырлар» символикалық трагедиясы бар.

2025 жылы «Қанаттылар» инклюзивті театры жеке шығармашылық ұжым ретінде құрылып, дербес шығармашылық жолын бастады.