Дрон-футбол – интеллектуалды ойын

Дрон-футбол – интеллектуалды ойын

Әр жаңалықтың, оның ішінде спорт түрлерінің шыққан жері, отаны болатыны ақиқат. Футболдың отаны – Англия, баскетболдікі – Америка, хоккейдікі – Канада және т.б. Ал дрон-футболдың шыққан жері, Отаны – Оңтүстік Корея екен.

Бұл ойын робототехниканы дамытатын интеллектуалды ойын көрінеді. Ойыншыны мергендікке, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының басшысы Әлихан Рыспайдың айтуынша, бұл жай спорт емес, адамды ғылымға баулитын шаралардың бірі.

Қазір бұл ойынмен әлемде 30 шақты ел айналысып жатқан көрінеді. Біздің елімізге келгеніне екі жылға да толмапты. Қазақстанда да кеңінен тарап жатқан көрінеді. Соның бір көрінісі – Skillset мектебінде өткен жылдың қазан айында 20-30 оқушының қатысуымен жарыс өткізіліп, солардың ішінен таңдалып бес адамнан Skillset Eagles командасы құрылыпты.

Команданың жаттықтырушысы – Серік Назриденов, капитаны – Дінмұхамед Несіпбаев, қорғау­шылары – Әлихан Еркін мен Әмір Ғабиден, шабуылшылары – Әсет Ақназар мен Әмина Рахманберді (суретте).

Тренердің басқаруымен жеті айдай ойнап, дайындалған команда осы жылдың шілде айын­да Оңтүстік Кореяда өтетін дүние­жүзілік жарысқа қатысатын болды. Сол жарысқа қатысатын команданы анықтау үшін өткен айдың аяғында Астана қаласында 20 команданың қатысуымен жарыс өткізілді. Олар Астана, Ақтөбе, Алматы, Көкшетау және Шымкент қалаларынан келді.

Осы екі күндік жарыста Skillset мектебінің Skillset Eagles (тренері – Серік Назриденов, капитаны – Дінмұхамед Несіпбаев) командасы үздік шығып, дүние­жүзілік жарысқа жолдама алды, еліміздің көк туын желбіретеді деген сенімдеміз.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі