Қазақ тарихында домбыраның алар орны ерекше. Қазақ халқының түп-тамырынан бастау алған бұл қасиетті аспап – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Домбыра – өткеніміздің мұрасы, бүгініміздің айнасы, ертеңіміздің аманаты. Салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан бұл аспап әр қазақтың төрінен орын алуға лайық. Домбыра – түркі халықтарына ортақ көне музыкалық аспаптардың бірі. Ол қазақ, ноғай, қалмақ және басқа да халықтардың мәдениетінде кездеседі. Ерте замандарда домбыра тек күй орындауға ғана емес, ел арасындағы дау-дамайды шешуде, халықтың мұң-мұқтажын жеткізуде де маңызды құрал болған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 13 маусымдағы Жарлығына сәйкес, шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді.
Бұл мереке халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп, ұлттық өнеріміздің кеңінен танылуына үлкен серпін берді. Қазіргі таңда домбыра үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Еліміздің көптеген мектептерінде домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Статистикаға сүйенсек, Алматы қаласында 11 мыңнан астам оқушы бір мезетте күй орындап, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында 1500-ге жуық домбырашы қатысқан үлкен концерт ұйымдастырылды. Мұндай шаралар ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлес қосуда. Сондай-ақ, «Отандастар қоры» секілді ұйымдардың қолдауымен ұлттық мәдениетіміз шетелде де кеңінен насихатталып келеді. Қорытындылай келе, 2018 жылдан 2026 жылға дейін Ұлттық домбыра күнінің маңызы артып, ұлттық рухани құндылықтарымызды дәріптеуге және жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға үлкен ықпал етіп келеді. Домбыра – халқымыздың мәңгілік мұрасы әрі ұлттық рухымыздың символы.
Домбыра туралы аңыз-әңгімелер де көп. Солардың біріне тоқтала кетсек, «Ақсақ құлын» күйінің шығу тарихы да адамды толқытпай қоймайды. Ертеде Жошы хан: «Баламның өлгенін кім естіртсе, сол адамның құлағына қорғасын құямын», – деген деседі. Қарапайым халық енді не істерін білмеген уақытта Кетбұқа ханға ештеңе айтпастан, домбырасын қолға алып, күй тартыпты. Күйдің сарынынан хан баласының дүниеден озғанын, аттардың шабысын және де арбаның сықырлаған дауысын естиді деседі. Хан қайғыға салынып, күйшіге қорғасын құймақшы болған уақытта, күйші ханды тоқтатып: «Сөйлеген мен емес, домбыра. Ханға тіліңді тигізбе!» – деген деседі.
Тағы бір қызықты аңыз бар. Ол – домбыраның пайда болуы туралы. Ежелде Алтай тауларында екі ағайынды алып өмір сүріпті. Кіші інісі домбыраны жақсы көргені соншалық, күндіз-түні тартады екен. Ал үлкені өзенге көпір салып, атақты болғысы келіпті. Бірақ кіші інісінің көмектеспегенін көріп, ашумен домбырасын алып, үлкен жартасқа бір-ақ соғыпты. Солайша сол жартаста қалған іздерді қолданып, басқа да домбыра түрлері шыққан деседі. Қазақ тарихымызға көзжүгіртсек домбыраны түбін түсіріп ойнаған тұлғаларымыз да жетерлік. Домбыра – жан дүниенің жарасы мен ауруын емдейтін және де сыртқа сезімдер мен айтылмаған сөздерді жеткізуші де болған. Қазақ тарихынан ойып орын алған айтыскерлеріміз бен күйшілеріміз қаншама десеңізші. Солардың бірі – Сүгір жырау. Ол кісі алғаш домбырасын 16 жасында алған деседі. Содан бері қолына тиген қара домбырасы қазіргі таңда әлі күнге дейін өңдеуден өтпеген күйінде ұрпақтарының үйінде сақтаулы тұр. 1916 жылдары жасалған домбыраның қасиеті – Сүгір атамыздың жыр айтқанда дауысы алдына түсіп отырған. Және құрылысы өзге домбыраларға ұқсамайды. Сүгір атамыздың өз дауысымен жазылған жазбасы әлі күнге дейін арнайы музейде сақталған. Адамның денесін тітіркендіріп, естігенге құлақ құрышын қандырмай қоймайды. Ол кісінің ел арасында танымал болған еңбектеріне тоқтала кетсек, толғаулары мен термелері: «Сүгірдің термесі», «Өсиет-толғауы», «Насихат сөзі», «Өмір сыры» сынды еңбектерімен қатар тарихи-ғұрыптық жырлары – «Хорезм елімен қоштасу» сынды халық аузында тараған еңбектері жетерлік.
Осы орайда, әрине, күй атасы Құрманғазыны қалай естен шығаруға болады? Күйші-композитор – қазақтың аспаптық өнерінің классигі. Халық арасында кең тараған туындылары: «Ақсақ киік», «Адай», «Ақжелең», «Сарыарқа», «Алатау», «Бозшолақ» сынды күйлері арқылы кеңінен танимыз. Ал ең алғашқы шығармасын білеміз бе? Күй атасы Құрманғазының алғашқы шығармасы «Кішкентай» деген атаумен танымал. Бұл шығарманың жазылу себебі – көтеріліс басшысы Исатайға арнауы. Оның ұлтына, елі мен жеріне деген махаббатын күйлерінен сезбеу мүмкін емес. Ендеше, күй атасы Құрманғазы болса, күй анасы Дина екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Әйел заты бола тұра, қоғамның сынына төтеп беріп, қолына домбырасын алып, елге танылған алғашқы әйел күйшілердің бірі. Өзінің өшпес ізін тарих беттеріне алтын әріппен жазып кеткен тұлға. Қазақ КСР-нің халық әртісі Дина 10 жасында Құрманғазы атамызбен жүздесіп, батасын алған. Құрманғазы Динаның дарыны мен ақылдылығын байқап, ұстазына айналып, жас қызға өз білгені мен көргенін үйреткен. Дина апамыздың халыққа танымал еңбектеріне келсек: «Жігер», «Көгентүп», «Әсем қоңыр», «Бұлбұл» сынды классикалық туындылары халықтың көңілінен де, жүрегінен де үлкен орын алды.
Қазіргі таңда домбыра өткеннің еншісінде қалған мұра емес. Ол заман талабына сай жаңарып, жастардың кеңінен қолданатын ерекше аспабына айналды. Домбырамен орындалатын өнердің ең танымал түрлерінің бірі – айтыс. Сонымен қатар, суырыпсалма өнер, терме мен толғауды сүйемелдеуде де домбыраның орны ерекше. Домбыра орындаушылық мектептері негізінен екіге бөлінеді. Біріншісі – Арқа мектебі. Бұл мектеп әуезді әндерді нақышына келтіріп орындауымен ерекшеленеді. Екіншісі – Жетісу мектебі. Ол шапшаң, екпінді әрі қайратты домбыра қағыстарымен ерекшеленеді. Домбыра – жай ғана аспап емес, барша түркі халықтарының ортақ қазынасы. Ол терең түсінік пен үлкен шеберлікті қажет ететін, ата-бабамыздан мирас болып жеткен қасиетті мұра. Ал оны әрі қарай сақтап, бізден кейінгі болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Домбыраны елімізбен бірге дамытып, оны өзіміздің ғана емес, барша адамзаттың мәдени мұрасы ретінде таныту – күллі түркі жұртының арманы. Тұлғалардың домбыра туралы бізге аманат еткен нақыл сөздері де аз емес. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ:
«Домбыра – қазақ халқының жаны, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байлығы мен шежіресі», – деген Ғабит Мүсірепов.
«Домбыра мұнша шешен болды неге, күй толған көкірегім шежіре ме?», – деп жырлаған Қасым Аманжолов.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деген Қадыр Мырза Әлі.
«Домбыра – қазақтың жаны, күй – оның жүрегі», – деген Дина Нұрпейісова.
Міне, осының өзінен-ақ Ұлттық домбыра күнінің қаншалықты маңызды мереке екенін ұғынуға болады. Өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсететін, тамыры тереңге жайылған тарихымыздың айрықша белгісі – домбыра. Ол өткенімізді ұмыттырмай, ұлттық рухымызды асқақтататын асыл мұра. Ендеше, осындай қасиетті күнге деген құрмет пен сыйластықтан асқан қандай сезім болуы мүмкін?
Мақпал Әбдіжаппар