Болмысы  бөлек Біржан еді...

Болмысы  бөлек Біржан еді...

Одан бері сырғып ағып қаншама уақыт өтті, сол кездегі оқиғалар бүгінде естелікке айналды. Бізді таныстырған, достастырған  журналистикаға деген арман-аңсар, КазГУ қалашығы еді. Университеттің дайындық бөліміне оқуға қабылданғанбыз, шетінен қара жұмыстың қазанында қайнағандар.

Жігіттердің көпшілігі  кеңес одағының кеңістігінде керзі етікпен сап түзеп,  бейбіт елдің тыныштығын күзеткендер қатарынан едік. Ал  Біржан әскери  қызметін ауған жерінде атқарған. Ол кезде интернационалдық борыш деуші еді ғой. Сол борышы оқ пен оттың арасында өткенін кейінірек, елімізде жариялылыққа мүмкіндік туғанынан кейін білдік. Қалай болғанда да  Байғараның алғыр перзенті өмірдің мән-мағынасын, қадір-қасиетін құрдастарынан ертерек ұғынғаны анық.

Біржан Ауғанстандағы әскери қызметі туралы көп айта бермейтін. Әйтсе де,  интернационалистік борышын   шекараның  арғы бетінде өтегендер туралы дайындық бөлімінде оқып жүргенде-ақ қалам тербеді.  Бір күні  «Лениншіл жас » газетінің бетінде «Бачалар немесе Ауғанстан жерінде әскери борыштарын абыройлы өтеп қайтқан екі жас туралы»  көлемді мақаласы жарқ ете қалғаны. Мақала 1988 жылдың 15 наурызында жарияланған еді. Мақаланың соңына «Б. Белғараев, интернационалист-жауынгер» деп  қол қойыпты. «Бачалар» дегеніңіз ауған тілінен аударғанда «балалар» дегенді білдіреді екен. Мақаланың кейіпкеріне айналған «балалар» Асхат Әбдірахманов пен Марат  Таңатов  дайындық курсында оқитын. Болашақ тарихшылар. Күнделікті жатақханада кездесіп жүргенімізбен, оқ пен оттың ортасынан оралған жігіттер туралы Біржанның мақаласынан жан-жақты хабардар болдық.

Ол кезде  республикалық жастар газетіне мақаласы шығу дегеніңіз  үлкен жаңалық.  Жаңалықтың көкесі журналистиканың ауылына әлі із тастай қоймаған, дайындық бөлімінде оқитын тыңдаушының мақаласы ғой. Біржан студент кезінде Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгер, КазГУ-дің филология факультетінің студенті Қожахмет Пірмашев туралы «Қожахмет неге күйінді?», осы факультеттің бірінші курс студенті Біржан Үсенов туралы «Үзілмеген үміт әні» мақалаларын жазды. Байғараның баласы осындай талабымен-ақ ұлттық журналистиканың ұпайын түгендеп, отандық ақпарат саласында  әлі талай олжа салары анық еді...

Біржан Белғара «бачалардан» басталған ауған жерінде әскери  борышын өтеген сарбаздардың  тағдыр-талайы  туралы  індете жазды. Ауған соғысының астарлы ақиқатын бейбіт өмірдегі интернационалист-сарбаздардың тыныс-тіршілігімен ұштас­тыра баяндады. Журналистің «Даңққа дақ түсірме, ұлым!», «Ауғанда атам үшін соғысқам жоқ. Немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс», «Қара қызғалдақпен келген табыт», «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?»  атты  мақалалары осының дәлелі. Біржан Байғараұлының  мақаласындағы әскери антына адал, «даңққа дақ түсірмеген» сарбаздардың қайсарлық кейпі мен шынайы болмысы кім-кімге де ой салары анық. Осылайша ол қалам қуатымен, өзіндік қолтаңбасымен кейінгі ұрпаққа өнеге болар қаһармандар галереясын ерекше бейнеледі. Мақалалар топтамасы арқылы. Ауғанстанда әскери борышын өтеген қазақ жауынгерлерінің шынайы  бейнесі.

 Айтпақшы, ауған соғысының ақиқатын  әдебиетті жаны сүйетін жандарға арнап  Біржан көркем дүние жазуға да кіріскен-ді. «Жетпіс жетінші жылғы жесір», «Ақ өлім» атты әңгімелері де  сол тәуекелдің көрінісі.  Алла ұзағырақ ғұмыр бергенде, аталған тақырып  әрі қарай жалғасын тауып,  іргелі шығармалар жазылар ма еді, кім білсін...

Ауған соғысы демекші, Біржан Байғараұлы осыған қатысты қоғамдағы екіұшты пікірге орай өз байламын да ашық айтатын.

«Ауған соғысына келгенде күмілжіп қалатындар бар, алайда он сегіз бен отыздың ортасында от пен оққа түсіп опат болған жас жауынгерлердің екі дүниеде де жүздері жарық екендігіне Құдай кәміл. Ауған соғысының бір ерекшелігі де сол, әскер құрамын негізінен қыршындай жастар құрады. Ауғанстан Республикасында борышын өтеген әскери қыз­меткерлердің орташа жасы төмендегідей: офицерлердің жасы 26,8, прапорщиктердің жасы 27,7, сержант және сарбаздардың жасы 19,5 болды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, кебенек киген көзі тірісі аман-есен елге оралып, тіршілігін жалғастырды» дейді Біржан. Бұлтартпас дәлел. Ауғанстандағы соғысқа   араласқан жауынгерлерді жазғыру қисынсыз.

Кезіндегі ортақ мемлекеттің шешімімен ауған соғысына қатысқандарды әлеуметтік жағынан қолдау  қажет екені сөзсіз. Олардың екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге  қай жағынан да теңестірілуі уақыт талабы.

«Соғыстан соғыстың айырмасы от кешіп, оққа кеудесін тосқандарға берілетін жәрдемақы көлемімен емес, оларға берілетін баға мен білдірілетін құрметпен өлшенуі тиіс. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атақ-абыройын асқақтата отырып, өздерін ерлік істерін жалғастырушы ұрпақ толқыны ретінде танитын ауғандық ардагерлердің де өз аттарының аталарымен қатар аталуын, бағалануын қалаулары қалай дегенде де артық тілек емес болар» деп жазғаны бар еді Біржан Белғараның «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?» («Жас қазақ» газеті, 31 наурыз 2004 жыл) атты мақаласында.  Назар аударарлық мәселе еді бұл.

Айтпақшы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында Ауған соғысына қатысты кітаптар мен деректерді жинақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, зерттеу­шілерді қажетті ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қоры ашылған. Қорда Ауған соғысына қатысты отандық және шетелдік басылымдар, архивтік құжаттар, қолжазбалар, фотоматериалдар, естеліктер мен басқа да құнды деректер жинақталған. Сондай-ақ ғалым-журналист Біржан Белғараның жеке мұрағаттық материалдары, ғылыми-пуб­лицистикалық еңбектері мен шығармашылық мұрасы сақталған. Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай жыл сайын дәстүрлі «Отанды қорғау – азаматтық борышың» тақырыбында тәрбие сағаты, сондай-ақ патриоттық тәрбие мен тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған ғылыми-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар жас ұрпаққа Ауған соғысының тарихи тағылымын танытуға, ардагерлердің ерлігін насихаттауға және олардың есімін ұлықтауға қызмет етеді.

Журналист Біржан Белғараның «Өркен» республикалық студент-жастар газетінде  тоталитарлық жүйе қарсы күрес­кен Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Хасен Қожа-Ахметпен болған сұхбаты (Ақиқат жалғандықпен ақталмайды, 20 сәуір, 27 сәуір 1991 жыл) екі нөмірге жарияланды. Қоғамда үлкен серпіліс туғызған сұхбат болды. Оның сыртында «Жас қазақ» газетінде бас редактордың орынбасары қызметінде де Біржан оралымды ойларымен оқырманның көкейіндегісін тап басып, заманауи сұранысқа жауап беретін басылым шығаруға да белсене араласты.

Біржан Байғараұлының журналистикадағы қолтаңбасы бір төбе де, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту саласындағы  еңбегі ерекше. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату жолындағы жұмыс Біржанның Алматы қалалық әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы бастығы қызметінен (28 жаста болатын) бастау алды. Оның қазақ тілін қайтсем де төрге оздырамын деген қимылы жанқиярлық әрекетті талап еткені белгілі. Ол кезде мемлекеттік тілдің мәртебесін орнықтыруға  қарсылардың тіпті қарасы қалың еді.

Алматыны қазақыландырудың бір тетігі Тілдерді дамыту басқармасына қатысты екені мәлім. Егемендіктің елең-­алаңында  қазақ тілін тұғырына қондыру оңай болған жоқ. Азат елдің идеологиясымен үйлеспейтін бас қаладағы қаптаған көше атауларын ауыстыру қиямет қайым еді. Пастер көшесіне Мұқағали ақынның есімін беру туралы шешім  өткенді көксейтіндер тарапынан  кәдімгідей  қарсылық тудырғаны да есте. Біржанның арпалыса жүріп ана тілінің абыройын асқақтатуға бүкіл күш-жігерін жұмсағанының арқасында  көше атаулары ұлт қайраткерлерінің есімін иелене бастады.

Біржан Байғараұлының мемлекеттік тілді меңгертуге орай тәжірибелік түйіні бар. Төмендегідей: «Не нәрсені алсаңыз да, жүрекке терең бойламай, алпыс екі тамырды иіте ме? Соның ішінде тіл деген құдіретті жүрекпен ұқпаса, көкейге қона ма?»

Өмірінің соңғы жылдары Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры лауазымында Біржан Белғара мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуде қыруар жұмыс атқарғаны мәлім. Өзі айтпақшы, мемлекеттік тілді үйренушілерге «жүрекпен ұғындыруға» тырысты.

Орталық әзірлеген «Мультимедиялық сабақтар» электронды оқулықтар заманауи технологияны пайдаланудың ізашар бастамасы еді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі» жүйесі де  құзырлы орындар қызметкерлерінің  мемлекеттік тілді мейлінше жедел меңгеруіне септігін тигізді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде құжат айналымын  кең ауқымда жүзеге асырып жатса, ол кезінде Біржан Белғара бастаған ұжымның еселі еңбегінің арқасы дер едік.

Біржан Байғараұлы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын іс жүзінде кеңейтумен қатар, оны ғылыми тұрғыдан да тұжырымдап, тәжірибе мен теорияны ұштастырып, 2000 жылдың 27 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де кандидаттық диссертация қорғады. Тақырыбы – «Қазақстандық баспасөздегі мемлекеттік тіл мәселесі (1989-1999 жж.)». Баспасөздің ықпалынсыз мемлекеттік тілдің  өрісі кеңейе ме?  Аталған еңбекте мемлекеттік тілдің мәртебесін лайықты деңгейіне көтеру жолындағы баспасөздің әлеуеті мен мүмкіндігі жан-жақты сарапталады.

Байғараның баласы  ұрпақтар сабақтастығына да  айрықша құрметпен қарайтын. Алдыңғы буынның  өнегесін әрқашан кейінгілерге үлгі етіп отырушы еді.  Мәселен, Мемлекеттік тіл үйрету орталығына оның алғашқы ұйымдастырушысы Шайсұлтан Шаяхметовтің атын беру туралы бастама көтеріп, соны жеріне жеткізген де Біржан Белғара болатын.

... Өмір деген сырғып өтіп жатыр. Құдайға шүкір,  Біржанның Ақберен мен Ақәділінен тараған ұрпақ атасының мұрасымен танысып, мақтан етерліктей деңгейге жетті. Құдай қосқан жары тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Ахметкәрімқызы сол немерелердің қызығын көріп, Біржан әулетіне атасының өнегесі мен тағылымын ұғындырып келеді.

Ғабит МҮСІРЕП,

Журналист