«Болашақ ойындары – 2026»: 50-ден аса елден адам келеді

«Болашақ ойындары – 2026»: 50-ден аса елден адам келеді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана 29 шілде мен 9 тамыз аралығында әлемдік фиджитал спорттың орталығына айналады. Ел астанасы дәстүрлі спорт пен киберспортты ұштастыратын халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирін қабылдайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

12 күн бойы әлемнің 50 елінен келген 800-ден астам спортшы мен клуб 8 дисциплина бойынша жалпы жүлде қоры 4,75 миллион АҚШ долларын құрайтын бәйгеде бақ сынайды.

Қазақстан атынан өз алаңында өтетін турнирге ұлттық іріктеуден өткен 11 команда қатысады. Олар әлемдік спорт пен киберспорттың әйгілі алыптарымен, атап айтқанда Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu және өзге де аңызға айналған клубтармен кездеседі.

Бұл дисциплинада ел намысын DIGA Esports қорғайды. DIGA Esports - Қазақстандағы PUBG бағыты бойынша жетекші ұйымдардың бірі. Команда тұрақты түрде PUBG EMEA Masters, PUBG EMEA Championship Qualifiers сияқты Еуропадағы ең ірі турнирлерге, сондай-ақ халықаралық еуропалық лигаларға қатысып келеді.

Қазақстан атынан осынау сайыста бірден екі команда шығады: NOVAQ және Team KZ.
NOVAQ командасының негізін әлемге әйгілі Counter-Strike ойыншысы, Major турнирінің екі дүркін чемпионы Дәурен «AdreN» Қыстаубаев қалаған. Команда құрамында халықаралық деңгейде танылған Михаил «Dosia» Столяров, Рүстем «mou» Телепов және Санжар «neaLaN» Исхаков сынды тәжірибелі ойыншылар өнер көрсетеді.

Ал Team KZ құрамына кәсіби аренада өздерін таныта бастаған қазақстандық жас ойыншылар енген.
Бұл дисциплинада Қазақстан атынан Rune Eaters командасы сынға түседі. Оның құрамында The International, Riyadh Masters турнирлеріне қатысқан, сондай-ақ Na’Vi, Team Spirit, PSG.Quest және басқа да танымал ұйымдар сапында өнер көрсеткен тәжірибелі ойыншылар бар. Құрам Қазақстандағы ең бәсекеге қабілетті ұжымдардың бірі саналады.

MOBA Mobile бағыты бойынша да ел намысын Rune Eaters қорғайды. Команда IESF, Қазақстан Республикасы Кубогы және Alaman League сияқты халықаралық әрі республикалық турнирлердің жеңімпазы атанған.

Фиджитал баскетбол дисциплинасында Қазақстанды екі команда таныстырады: PBC Astana және GTB KZ.
PBC Astana еліміздегі ең атақты әрі ең көп жүлде иеленген баскетбол клубы. Сонымен қатар ол «Болашақ ойындары – 2025» турнирінің қола жүлдегері.

Ал GTB KZ құрамына қазақстандық классикалық және 3×3 баскетболының тәжірибелі ойыншылары біріктірілген.
Фиджитал футболда Қазақстанды ACF x Allur және UEL Team командалары таныстырады. Екі ұжым да ұлттық іріктеуден сәтті өтіп, өз алаңында өтетін турнирге жолдама алды. Олар әлемнің ең мықты фиджитал клубтарымен күш сынасады.

Phygital Fighting дисциплинасында Қазақстан намысын Future Nomads командасы қорғайды. Команда құрамында ММА-дан әлем және Азия чемпиондары, Қазақстан чемпиондары және кәсіби промоушендердің қазіргі көшбасшылары бар.

Фиджитал би сайысында Қазақстан атынан ұлттық іріктеудің жеңімпазы Гүлназ Аманғали өнер көрсетеді.
«Болашақ ойындары – 2026» Астананың төрт заманауи спорт нысанында өтеді:
• Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені;
• Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы;
• Beeline Arena Ұлттық теннис орталығы;
• «Барыс Арена» мұз сарайы.

Жарыс бағдарламасына цифрлық және физикалық кезеңдерді біріктіретін сегіз дисциплина енгізілген. Бұл формат «Болашақ ойындарын» қазіргі заманғы ең инновациялық халықаралық спорт жобаларының біріне айналдырады.

Өз алаңында өтетін бұл турнир қазақстандық спортшылар мен киберспортшылар үшін әлемнің үздік клубтарына қарсы шеберлігін сынауға тамаша мүмкіндік болса, жанкүйерлер үшін технология мен дене дайындығы үйлескен жаңа буын спортын өз көздерімен тамашалауға жол ашады.