Бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері мен отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды

Бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері мен отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және салалық кеңестердің қызметіне қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары болды. Қордың өңірлік филиалының басшысы Светлана Назарюк шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың жаңа тетіктерін таныстырды.

Атап айтқанда, кәсіпкерлерге экономиканың басым салаларындағы жобаларды қаржыландыруға арналған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беру құралдары қолжетімді. Бағдарлама аясында жылдық мөлшерлемесі 12,6 пайыз болатын, мерзімі 10 жылға дейінгі және көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру қарастырылған.

Кездесу барысында несиелерге кепілдік беру құралдарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, №1 Кепілдік қоры аясында кәсіпкерлер көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі несиелер бойынша қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік ала алады. Ал №2 Кепілдік қоры 7 млрд теңгеден асатын несиелер бойынша 30 пайызға дейін кепілдік беруді көздейді. Агроөнеркәсіптік кешен жобалары үшін жеке бағдарлама қарастырылған, оған сәйкес қарыз сомасы 5 млрд теңгеге дейін болған жағдайда кепілдік мөлшері 85 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне «Іскер Аймақ» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі қолжетімді. Бағдарлама бойынша көлемі 200 млн теңгеге дейінгі несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің 40 пайызына дейін субсидияланады.

Отырыс барысында сондай-ақ «Өнеркәсіп, отандық тауар өндірушілерді дамыту және қолдау» салалық кеңесінің қызметі туралы ақпарат ұсынылды. Өңірлік кеңестің мүшесі Берік Медянов отандық тауар өндірушілерді дамыту және қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта салалық кеңес құрамында 69 қатысушы бар. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 9 отырыс өткізіліп, кәсіпкерлерден келіп түскен 27 проблемалық мәселе қаралған. Сонымен қатар өнеркәсіп саясаты және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне қатысты заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кету керек, жыл соңына дейін Өңірлік кеңес барлық салалық кеңестердің қызметі туралы ақпаратты тыңдап, алдағы басым бағыттарды айқындау және бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеу жұмыстарын жалғастырады.