Бас қаладағы қымыз-думан

Бас қаладағы қымыз-думан
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы «Қазанат» ипподромында екі күн бойы BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі дүрілдеп өтті. Жалпы 70 мыңнан астам қонақ тамашалаған ұлттық тағамдар мен қазақтың дәстүрлері салтанатының басты оқиғаларының бірі халықаралық «Ең үздік қымыз» байқауы болды.

лттық құнды­лықтар ұл­ық­талған этнографиялық мереке барысында Қазақстаннан және көршілес елдерден жалпы 56 тонна қымыз ұсынылып, бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді. Осылайша ұлттық сусын көлемі бойынша жаңа рекорд орнатылып, BaiQymyz-2026 гастрофестивалінің ең басты жетістіктерінің біріне айналды.

Қымызды дәріптеуді, ұлттық тағам мәдениетін насихаттауды және отандық өндірушілерді қолдауды мақсат еткен фестиваль биыл бұрынғыдан да ауқымды ұйымдастырылды. Қонақтарға ұлттық тағамдарды әзірлеуге арналған аспаздық шоулар мен шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», шөген ойыны, ат үстіндегі квиддич, жауынгерлік жылқылардың көрсетілімі, ER QANATY жылқыларының шеруі және өнер шеберлерінің қойы­лымдары ұсынылды.

Бас сахнада Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен Format тобы, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, Жанғали Жүзбай, Ұшқын Жамалбек, Өзгеріс Шерікбай және басқа да әнші-күйшілер өнер көрсетті.

«Ең үздік қымыз» байқауына ұсынылған қымыздан қазылар алқасы мен халық дәмін татып, QR-код арқылы дауыс беріп, бағалады. Бағалаудың өзі бірнеше бағытқа бөлінді. Қымыз таныстырылымын этнографтар мен ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздардан құралған қазылар бағаласа, ұлттық сусынның құрамын осы сала мамандары, гастроэнтеролог, биолог, химик-технолог, нутрицолог сынды ғалымдар қарады, яғни қымыздың емдік қасиеті де сараланды.

Қазылар алқасының мүшесі, қазақ ұлттық тағамдарын зерттеуші Әйгерім Мұсағожинованың айтуынша, фестивальге ұсынылған қымыздың әрқайсысының дәмі ерекше болды. Себебі бұл ұлттық сусынның дәмі – өндірілетін жердің суымен, шөбімен, климатымен тікелей байланысты.

«Нашар қымыз болмайды. Осы фестиваль былтыр да бас қалада ұйымдастырылды. Бір жыл ішінде фермерлер кәсіби тұрғыдан қатты дамығаны байқалады. Қымызда жалпы А, В, С, D секілді дәрумендер өте көп. Бұл нені білдіреді? Бұл қымыздың халқымыздың денсаулығына арналғанын дәлелдейді» деді этнограф.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрады. Бас жүлде ретінде автокөлік тігіліп, бұл байқауға қатысушылардың қызығушылығын бұрынғыдан да арттырды. Биыл байқауға 59 қымыз өндіруші қатысты. Соның бірі Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Бесарық ауылынан келіп, «Сыр дәмі» атауымен 200 литр қымыз бен 1 тонна шұбат ұсынды.

Гастрофестиваль бағдарламасының ерекшеліктерінің бірі әртүрлі тұқымды жылқылардың көрмесі болды. ER QANATY жобасының авторы Әділ Орынбасарұлы атап өткендей, биыл креативті индустрияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ «Қамбар ата» атты халықаралық сурет және қол­өнер көрмесі ұйымдастырылып, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Испаниядан келген суретшілердің басын қосты. Онда жылқы мәдениеті қылқалам арқылы насихатталды. Көрмеге Жұмақын Қайрамбаев, Бақытнұр Бүрдесбеков, Дәурен Қастеев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Камиль Муллашев, Сембіғали Смағұлов сынды белгілі қылқалам шеберлері, жалпы алғанда 30 суретшінің туындылары қойылды.

Фестиваль аясында ұйымдас­тырылған іс-шараның бірі – «Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026» ұлттық костюмдер байқауы. Жеңімпаз киіміндегі өзіндік ерекшелігі және ұлттық киім элементтерінің үйлесімділігіне қарай бағаланды. Оның қорытындысында Бұлбұл Кәпқызы жеңімпаз атанып, бас жүлдеге тігілген жылқыға ие болды.

Халықаралық гастрофестивальге саумалдың негізінде жасалған биокосметика бұйымдары мен емдік препараттар да ұсынылды. Бұл Алматы облысынан келген Saumal de Luxe компаниясының «Ақсақал» атты қымызы «Дәм шебері» аталымын иеленді.

«Әкелген өнімдеріміздің ішінде жылқының майы мен сүті қосылған кремдер бар. «Жылқы – дәрігердің патшасы» деген сөз айтылады. Біз саумалдың негізінде шығарып жатқан өнімдер – соның айқын дәлелі. Өнімдеріміз – түрлі ауруға ем. Біз шығарып жатқан сабындардың да емдік қасиеті бар. Асқазанға, ұйқы безіне, бауырға емге пайдаланатын таңертең ішетін майларды әкелдік. Сосын шаш түсіп, ағарғанды да жазатын өнімдерді өндіреміз. Қазір аутизм диагнозы қойылған сөйлемейтін балалар көп. Соны саумалдың көмегімен жазуға болады. Бір бағытымыз – осы. Екінші бағытымыз – саумалды гастрономияда қолдану. Яғни, саумалдан тағамдарды дайындау. Біз кәуәпті саумалға маринадтаймыз, саумалмен етті қақтаймыз, сосын саумалдан балмұздағымыз, шоколадымыз, құртымыз бар. Әртүрлі осындай тағамдарды инновацияны қолданып, әзірлеп жатырмыз» деді Saumal de Luxe компаниясының өкілі Құрманғали Жұмағұлов.

Фестиваль қорытындысында «BaiQymyz» негізгі байқауының жеңімпаздары төмендігідей болды: Бас жүлде – Ақмола облысы, Бурабай ауданы, «Qymyznai Qymyzy»; Алтын жүлде – Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, «Ағабек ата ерекше қымызы»; Күміс жүлде – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, «Saryarqanyn saf qymyzy»; Қола жүлде – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, «Qarakush» қымызы.

«Ем қымыз» аталымы: Алтын жүлде – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, «Баянның бал қымызы»; Күміс жүлде – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, «Saryterek» қымызы; Қола жүлде – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Sarybel» қымызы.

«Халық таңдауы» аталымы: Алтын жүлде – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Теректінің текті қымызы»; Күміс жүлде – Абай облысы, Абай ауданы, «Sarzhal Bakytzhan» қымызы; Қола жүлде – Жамбыл облысы, Меркі ауданы, «Ақтоған» қымызы.

Сондай-ақ арнайы аталымдар жеңімпаздары анықталды. Атап айтқанда, «Алтын күбі» – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, «Bizdin Qymyz»; «Алтын саба» – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай қымызы; «Алтын шара» – Ресей Федерациясы, Омбы қымызы; «Күміс тостаған» – Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, «Saba» қымызы; «Күміс торсық» – Абай облысы, «Тоқаш ана» шипажайы; «Қымыз серті» – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, «Ләйлә» өнімі; «Жайлау дәмі» – «Zhanten» қымызы; «Дәстүр сақтаушы» – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Ақтерек» қымызы; «Үздік дизайн» – Абай облысы, Абай ауданы, «Әділ қымыз».