Осы жылдың 30 маусымындағы дерек бойынша елордада 1 695 055 адам тұрады. Болжамға сенсек, 2035 жылы бас қала тұрғындары 2 млн 270 мың болады. Қазірдің өзінде Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына түсіп жатқан жүктеме аз емес. Тұрғындар көбейген сайын оның да артатыны белгілі. Соның ішінде медицина инфрақұрылымын дамыту аса маңызды. Жуырда Астана қаласы мәслихатының отырысында елорданың денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы, оны дамыту жоспарлары мен туындаған мәселелері талқыланды.
Жүйені дамыту жұмыстары
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуованың баяндауынша, бүгінде бас қалада барлығы 58 медицина ұйымы жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде 13 емхана мен 11 аурухана бар. Жалпы алғанда, 13 мемлекеттік мекеме, 26 жекеменшік мекеме, 2 ведомстволық мекеме, 30 ведомствоға бағынысты медицина ұйымы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.
Отырыста денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Қазір тиісті жүйені кезең-кезеңімен ілгерілету жұмысы жалғасуда. Мәселен, биыл Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Нұра және Есіл аудандарында балалар травматология пункті ашылды. «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында жекеменшік емхана жұмысын бастады. Ал тамыз айында заманауи қабылдау-диагностика кешенін іске қосу жоспарланып отыр.
Жалпы осы саладағы жоспарларды іске асыру шеңберінде жаңа емханалар салу, биыл және алдағы үш жылда денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Сондай-ақ медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру жұмысы жалғасады.
Атап айтқанда, 2026-2029 жылдары Астанада медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жоспарланған. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту аясында Есіл ауданындағы Керей-Жәнібек хандар көшесі маңында, ал Нұра ауданында Роза Бағланова көшесі аумағында жаңа мемлекеттік емханалар салу жоспарланды. Сонымен қатар бірқатар жекеменшік емханалардың құрылысы көзделген. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар желісін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ елордада ересектерге арналған көпбейінді аурухана, жаңа перинаталдық орталықтар және жедел медицина жәрдем станциялары салынбақ.
Цифрландыру назардан тыс қалмады
Ал қолданыстағы медицина ұйымдарына күрделі жөндеу жүргізу, материалдық-техникалық базаны жаңарту, заманауи медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету, цифрлық шешімдерді енгізу және мамандандырылған медициналық көмекті дамыту жұмысы жалғасады. Осы жылдың өзінде 625 медициналық техника сатып алынды. Келесі жылы тағы 440 медициналық жабдық сатып алу жоспарланды.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы цифрландыру мәселесін де назардан тыс қалдырмай отыр. Бұл жұмыс медицина қызметінің қолжетімділігі мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырады. Жоспарлардың қатарында №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностика кешенін ашу бар. Осының арқасында сол жағалаудағы медицина инфрақұрылымы жақсарады, басқа медицина нысандарына түсетін жүктеме азаяды.
«Аталған жобаларды іске асыру медицина қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, елорда тұрғындарын заманауи әрі тиімді денсаулық сақтау жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» дейді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Жиында мәслихат депутаттары бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданында аурухана салу перспективалары, «Көктал-1» тұрғын алабында мемлекеттік емхана ашу қажеттілігі, «Кирпичный» тұрғын алабы тұрғындарын қалалық емханаларға бекіту және қызмет көрсету мәселелері бойынша өтініші қаралды. №5 қалалық емхана базасында қанатқақты жобаны іске асырудың оң нәтижелеріне ерекше назар аударылды.
Мәселелердің қатарында елордада амбулаторлық көмектің қолжетімділігі әлі тиісті деңгейде емес. Сондықтан тағы 9 емхананың құрылысын жүргізу қажет. Соның ішінде бұл медицина нысандары Нұра және Есіл аудандарында салынуы керек. Отырыс қорытындысында депутаттар денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ одан әрі жұмысты іске асыру кезінде айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескеруді ұсынды.
№5 қалалық емхана тәжірибесі
Ерекше атап өтерлігі, жақында ғана қалалық мәслихат депутаттары №5 қалалық емхананың жұмысымен танысты. Медицина мекемесіндегі пациенттерді қолдау қызметінің, «Шуақ» жастар денсаулық орталығының, әйелдер денсаулығы орталығының және шұғыл медициналық көмек бөлімшесінің жұмысын көрді. Онда медицина қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасы мәселелеріне айрықша көңіл бөлді.
№5 қалалық емхана директоры, қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдинаның айтуынша, емханаға 60 мыңға жуық елорда тұрғыны тіркелген. Күнделікті бұл нысанға 1355 адам келеді. Оларды 100-ден астам дәрігер қабылдайды. Соның ішінде учаскелік дәрігерлер орташа есеппен күніне 700-ден аса пациентті қарайды.
«Заманауи емхана ауруларды емдеу ғана емес, бұл – профилактика, диспансерлік бақылау, вакциналау, диагноз қою, медициналық сауықтыру, үй жағдайында көмек беру, созылмалы аурулары бар науқастарды қарау. Осының бәріне үлкен команда жұмылды» дейді Алтыншаш Табулдина.
Қалалық мәслихат депутаты Сәуле Самидиннің пікірінше, №5 қалалық емханада қазіргі заманға сай келетін жұмыс жолға қойылды. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен нәтижелігін арттырып отыр.
«Емхана жұмысын ілгерілетуге жол ашқан үш шешімді айрықша атап өткім келеді. Алғашқысы – бірыңғай call-орталық пен мобильді бригадалар. Орталық өтініштерді қабылдап, жеделдікті анықтайды, пациенттер ағынын бақылап, мобильді бригадаларды жібереді немесе дәрігердің қабылдауына жазады. Бұл қабылдау уақытын үш күннен бір-екі күнге қысқартып, учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайтты. Екіншіден, жедел көмек қызметі жұмыс істейді. Бұл ауыр жағдайдағы пациенттерді тікелей қабылдап, денсаулығын жедел тексеруге жол ашты. Осы жұмыс көмек беру уақытын жылдамдатып, стационарларға түсетін жүктемені төмендетті. Ал үшінші шешім – медбикенің қызметі кеңейді. Бұл емханада медбикеге өздігінен пациенттерді қарауға құзырет берілді. Нәтижесінде көмек беру ауқымы кеңейіп, профилактика сапасы артты» дейді Сәуле Самидин.