Бар қызық, жақсылық балалар үшін!

Бар қызық, жақсылық балалар үшін!
фото: Жансая Таңырқұл

Астананың туған күніне орай Орталық саябақта өтіп жатқан «Мерекелік саябақ» атты қалалық фестивальдің негізгі ұраны осындай. Бұл ауқымды да қызықты мерекелік іс-шараларға Орталық саябақ тұтастай жұмылдырылған. Ұйымдастырушылар негізінен мерекелік ойындардың балаларға қызықты, тартымды болуына күш салуда. Астана қаласы Мәдениет басқармасының мәдени-демалыс іс-шараларын өткізу жөніндегі дирекциясының өкілі Әлия Бұрханова мерекелік бағдарламаның балаларды қызықтыру үшін арнайы жасалғанын айтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Орталық саябақта сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін өтетін мерекелік іс-шаралардың бәрі балаларға қызықты болу үшін жасалған. Күллі саябақ аумағында цирк әртістері, қуыршақ театры, аниматорлар өнер көрсетеді. Біз әрбір ойынға қатысқан балаға арнайы сыйлық тапсырамыз. Ал ойын-сауық іс-шараларын келсек, бұл жерде жастықпен ұрып шайқасу, радио құрылғы арқылы көлік жарыстыру сияқты әр балаға қызықты ойындар бар. Сағат 12-ден 20.00-ге дейін қазақ тіліндегі мультфильм көрсетіледі. Сондай-ақ, лабиринт, сурет салудан шеберлік дәрісін өткізетін алаңқай, қатты қағазға сурет салудан жарысатын алаң бар. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелейтін экозертхана ашылды, ол жерде интерактив арқылы сабақ өткізіледі. Ал арт-нысандар галереясында мерекелік көңіл-күймен, ұлттық кіиммен суретке түсуге болады. Сағат 18.00-20.00 аралығында біз арнайы шақырған арқанмен жүретін әртістер өнер көрсетеді. Олар 70 метр биіктікте 10 метрлік арқанда емін-еркін жүріп, тамашаның көркін қыздырады. Кешкі сағат 21.00-де әйгілі әнші Еркеш Хасенов балаларға, ата-аналарға керемет көңіл-күй сыйлайды. Осылайша, бұл күн ұмытылмастай әсермен, мерекені шынайы сезінумен өтеді деп ойлаймын»,- дейді Ә. Бұрханова. 


Іс-шараның мақсаты – Астана күні аясында қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау, ұлттық мәдени мұраны заманауи форматта таныстыру, сондай-ақ елорданың шығармашылық, мәдени және қоғамдық кеңістік ретіндегі әлеуетін кеңінен көрсету. Фестивальге барлық жастағы тұрғындар мен қала қонақтары қатыса алады.