«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік филиалдарының өкілдері экзитпол қорытындысы бойынша жарияланған Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері азаматтардың таңдауын мойындайтынын және саяси жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар олар сайлау нәтижелерін талдап, партия ішіндегі жұмыс тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті.
«Байтақ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Тұрсынбек Байтеміров Facebook-тегі парақшасында видеоүндеу жариялап, сайлаушылардың таңдауына құрметпен қарайтынын және жарияланған алдын ала нәтижелерді қабылдайтынын айтты.
«Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдануына күш саламыз. Жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз», - деді Т.Байтеміров.