Азиада жарысындағы жаңа белес

Азиада жарысындағы жаңа белес
фото: olympic.kz

Қазақстан құрамасы Аичи және Нагояда (Жапония) өткен XX жазғы Азия ойындарын 84 медальмен қорытындылады. ­Отандастарымыз 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Алтынмен апталған кімдер?

Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді Рината Сұлтанова салды. Велошабандоз жекелей уақытқа жарысу бәсекесінде қарсыластарынан басып озды. Кейін ол велотректегі омниум сайысында күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, Р.Сұлтанова Жапониядағы жарыста Ханчжоуда басталған табыс­ты жолын жалғас­тырды. Сол күні Алексей Луценко да кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол жекелей уақытқа жарысудан Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. Арада бірнеше күн өткен соң Луценко топтық жарыста да жеңіске жетіп, жазғы Азия ойындарындағы алтын медаль санын алтыға жеткізді. Осылайша, ол бес рет чемпион атанған каноэші Константин Негодяевтің рекордын жаңартып, Қазақстан тарихында жазғы Азия ойындарында ең көп алтын алған спортшы атанды. Топтық жарыста Луценкомен бірге Евгений Федоров та жеңіс тұғырына көтеріліп, күміс медаль иеленді. Қазақстан қоржынына каратэден тағы екі алтын медаль түсті. Жоламан Биғабыл 55 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанса, Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта тағы да үздік шықты. Берульцева Ханчжоуда жеңіп алған чемпиондық атағын қорғап, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. Аралас жекпе-жек түрлерінің құрлықтағы басты доданың бағдарламасына алғаш рет енуі де Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Еркінғали Бүркіталин Traditional MMA жарысында жеңіске жетсе, Қадырбек Шынбаев Modern MMA сайысында чемпион атанды. Ал Санжар Әділов қола жүлдеге ие болды. Азия ойындары бағдарламасына жаңадан қосылған бұл спорт түрі Қазақстанға бірден үш медаль сыйлады. Оның екеуі – алтын. Қазақстан қоржынына академиялық ескек есуден алғашқы алтынды Владислав Яковлев пен Иван Чернухин салды. Олар ерлер арасында рульсіз екі орынды қайықпен жарыста үздік шығып, елімізге жазғы Азия ойындарында академиялық ескек есуден тұңғыш алтын жүлдені әкелді. Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы да тарихи жеңіске жетті. Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық жарыстың финалында Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңді. Осылайша, Қазақстан ерлер арасында командалық семсерлесуден 24 жылдан кейін алтын медаль жеңіп алды. Бокстан да құрамамыз екі алтын медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Артынша Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта жеңімпаз атанды. Қазақстан құрамасының капитаны шешуші айқаста Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировтан басым түсті. Осы екі жеңіс қазақстандық боксшылардың Азия ойындарындағы алтынсыз өткен 12 жылдық кезеңіне нүкте қойды. Қазақстанның 12-нші алтынын таеквондошы Тамирлан Тілеулес иеленді. Ол 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, елімізге таеквондодан жазғы Азия ойындарындағы тұңғыш алтын медальді сыйлады.

Тұңғыш тарихи жүлделер

Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы ең елеулі жетістіктерінің бірі ауыр атлет Алексей Чуркиннің есімімен байланысты. Ол 85 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Жұлқа көтеруде 173 келіні бағындырған қазақстандық зілтемірші бұған дейінгі әлемдік рекордты бір келіге жаңартты. Серпе көтеруде Чуркин 205 келіні еңсерді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 378 келі жинаған спортшы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Жапонияда жаңартқан әлемдік рекорды Чуркиннің ересектер арасындағы алғашқы әлемдік жетістігі болды. Қазақстандық семсерлесушілер де бірнеше тарихи белесті бағындырды. Артем Саркисян ерлер арасындағы жекелей сайыста қола медаль жеңіп алып, қылыштасудан Қазақстан тарихында Азия ойындарында тұңғыш жүлдегер атанды. Кейін Саркисян командалық қылыштасудан да қола жүлдеге ие болды. Осылайша, Жапониядағы жарыс спортшыға бірден екі медаль сыйлап, Азия ойындарындағы жүлделерінің жалпы санын үшке жеткізді. Шпагадан Қазақстан әйелдер құрамасы да тарихи қола жүлдені иеленді. Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, София Николайчук және Дарья Самоделкина ел тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы командалық шпагадан Азия ойындарының жүлдегері атанды. Кирилл Проходов Азия ойындарын екі медальмен аяқтады. 19 жастағы спортшы командалық жарыста алтын алғанға дейін жекелей сайыста күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Ал командалық финалда Оңтүстік Кореямен өткен тартысты кездесуде шешуші ұпайды дәл осы Проходов еншілеп, Қазақстанға алтын медальді сыйлады. Стенд атудан ерлер құрамасы да тарихи нәтижеге қол жеткізді. Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов «трап» жаттығуындағы командалық сайыста 348 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қазақстан ерлер құрамасының жазғы Азия ойындарында командалық «трап» сайысынан жеңіп алған алғашқы медалі. Дамир Тоқтаров та ел қоржынына бұрын-соңды болмаған жүлдені салды. Ол «жылдамдық» сайысында қола медаль жеңіп алып, спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақстандық атанды. Бұған қоса, Тоқтаров жарыс барысында ұлттық рекордты жаңартты. Қазақстан ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан қола жүлде жеңіп алып, 16 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарында қайтадан жүлдегер атанды. Жеңіл атлет Алина Чистякова жетісайыста үшінші орын алды. Милад Карими спорттық гимнастикадан еркін жаттығулар сайысында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жекелей сында жартылай финалға дейін жетіп, қола медаль иеленді. Ол әйелдер арасында Қазақстан тарихында Азия ойындарындағы жекелей сында тұңғыш рет жүлдеге қол жеткізген спортшы атанды. Кейін Путинцева Анна Данилинамен бірге жұптық сында да қола жүлдеге ие болды. Азия ойындары­ның бағдарламасына жаңадан енген виртуалды таеквондодан да Қазақстан қоржынына медаль түсті. Осылайша, Қазақстан құрамасы ең көп жүлдені дзюдо мен күрестен еншіледі. Екі спорт түрінен де жеті медальдан олжаланды. Дзюдошылар Азия ойындарын бес күміс және екі қола медальмен аяқтады. Келесі орында байдарка мен каноэде ескек есу тұр. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Қазақстан 8-орынға тұрақтады.