Кеше Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында елорданың қоғамдық өмірі, қала құрылысы, абаттандыру және экология салаларына қатысты бірқатар маңызды мәселелер мен нормативтік құқықтық актілердің жобалары қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі азаматтық секторды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және халықпен ақпараттық жұмыстың нәтижелері туралы есеп берді. Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Мирас Абдрахман өз баяндамасында азаматтық қоғамның мемлекеттің орнықты дамуы, қоғам және билік арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін маңызды тетік екенін атап өтті. Оның айтуынша, осыған байланысты үкіметтік емес ұйымдарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге, әлеуметтік жобаларды іске асыруға, халықтың осал топтарын қолдауға, жастар саясаты мен еріктілер қозғалысын дамытуға, экологиялық және мәдени бастамаларды жүзеге асыруға белсенді үлес қосып келеді. Мемлекет тарапынан азаматтық секторды қолдау жүйелі түрде жүргізілуде. Соның негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Биыл Ішкі саясат басқармасы осы бағытта 20-ға жуық әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатыр. Жыл басынан бері олардың аясында 300-ден астам іс-шара өткен. Бұл жобалар азаматтық қоғамды дамытуға, қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтуға, отбасы институтын қолдауға, гендерлік және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың азаматтық бастамаларын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар заң мен тәртіп, адал еңбек қағидаттарын насихаттауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, халықтың құқықтық және саяси сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Баяндамада елордадағы мемлекеттік ақпараттық саясаттың іске асырылу барысы да сөз болды. Басқарма басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын және қаладағы маңызды бастамаларды ақпараттық сүйемелдеу тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын айтты.
Күн сайын Астана қаласы әкімдігінің ресми ақпараттық ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында қала дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және өзекті мәселелер жөнінде материалдар жарияланады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында биыл жыл басынан бері 3 мыңнан астам ақпараттық материал жарық көріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге арналған 300-ден астам бейнеролик әзірленген. Сонымен қатар республикалық телеарналармен бірлесіп, елорданың дамуы мен мемлекеттік бастамаларға арналған 8 деректі фильм түсірілген. Ақпараттық сүйемелдеу қалалық инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, экология және қоғамдық қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Бұл ретте құрамына «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері, олардың интернет-ресурстары мен Elorda.info желілік басылымы кіретін «Elorda Aqparat» ЖШС өңірлік медиахолдингі маңызды рөл атқарады.
Кеңес отырысында, бұдан бөлек, Астана қаласының дизайн-кодын бекіту, толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт аясында іске асатын нысандар тізбесіне толықтыру енгізу, елорданың орманды саябақ аймағын басқару қағидаларын бекіту және оның шекарасын белгілеу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ елордада жазғы алаңдарды орналастыру қағидаларын бекіту жөніндегі жоба қаралып, ұсынылған нормативтік құқықтық актілер бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Отырыста айтылған ұсыныстар алдағы уақытта құжаттарды жетілдіру барысында ескеріледі.