Биыл Қазақстанға сапарлай келген Ресей президенті В. Путин елімізге төрт «Амур жолбарысын» сыйға тартты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сыйды «Ресей Президентінің мемлекеттік сапарының өзіндік бір ерекше оқиғасы болды» деп бағалады. 3 тамыз күні сол жолбарыстың бірі Балқаш бойына жіберілді.
Біле білсек, Мемлекет басшысының «Айтулы оқиға» деген сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Осыдан 5-6 жыл бұрын Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей басшысы тұран жолбарысы жайлы «Қазақстанда жолбарыс болған ба еді?» деп таңдана сұрағаны бар. Сонда Президентіміз аса көрегендік танытып, Ресей президентіне, губернаторларына, үкімет өкілдеріне «Тұран жолбарысы» жайлы тың тарихи ақпараттар беріп, оның мекен ету аймағын қайта қалпына келтірудің маңыздылығы жайлы жан-жақты түсіндіре келіп, сөзінің соңын «Тұран жолбарысы!» деп шегелеп тұрып аяқтаған болатын. Шын мәнінде бұл, біздің болжамымызша, жай ғана жойылып кеткен жыртқыш аң туралы айтылған сөз емес еді. Оның астарында тарихи жадыны жаңғырту, ұлттық болмысты
таныту және түркі дүниесінің ортақ мұрасына деген құрмет жатты. Бір қарағанда экология мәселесі болып көрінгенімен, бұл сөз дипломатиялық айбардың, тарихи сананың және ұлттық мүддені қорғаудың көрінісіндей әсер қалдырды. Өйткені «Тұран» атауының өзі ғасырлар қойнауынан жеткен терең мағыналы ұғым. Сондықтан «Тұран жолбарысы» деген тіркес сол сәтте табиғатты қорғау бастамасынан да биік мағынаға көтеріліп, ұлттық рухты меңзейтін символдық үндеу ретінде қабылдаған.
Амур жолбарысы – әлемдегі ең сирек кездесетін әрі ең ірі жолбарыс түрлерінің бірі. Ол – бұрын Орталық Азия аумағында мекендеген тұран жолбарыстарының ең жақын тұқымы саналады. Қазақстанда олар өткен ғасырдың ортасына қарай мүлде жойылып кеткен. Міне, осы тұрғыдан алғанда тұран жолбарысының қайта оралуы тек табиғатты қалпына келтіру жобасы ғана емес, тарихи әділеттіліктің орнауы деуге болады. Өйткені бұл жыртқыш қазақ жерінің экожүйесінде ерекше орын алған, талай аңыз бен тарихи деректерде аты қалған жануар еді. Сондықтан Іле-Балқаш өңіріне жолбарысты қайта жерсіндіру бастамасы жоғалған табиғи мұраны жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам саналады. Бұл – бір жағынан биоалуантүрлілікті сақтаудың үлгісі болса, екінші жағынан халқымыздың тарихи жадында сақталған «Тұран жолбарысының» бейнесін қайта тірілтуге деген ұмтылыс. Ендеше тұран жолбарысы оралған екен, оның жадымыздан жойылуға шақ қалған атауын да ділімізге қайта оралтайық.
Қазақстанға 4 жолбарыс әкелінгенде еліміздегі бүкіл ақпарат құралдары жарыса жазғанымен, атауы да сол жануардың терісіндей ала-құла алынды. Мәселен, JUZ медиа «Жолбарыстар 70 жылдан кейін Қазақстанға қайта оралды» деген тақырыппен берген ақпаратында «Ресейден «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына төрт амур жолбарысы – екі ересек дарақ пен екі күшік жеткізілді» деп жазса, «Қазақпарат» та аталық жолбарыс, аналық жолбарыс, күшігі деп таратты. Тағы бір басылым «Жолбарыстың екі марғауы өмірге келді» деп жазды.
Қазақ тілінде әр жануардың өз атауы бар. Сөзге шешен, тілге бай халқымыз әр жануардың төліне дейін жеке атау берген. Мәселен, бөдененің балапанын дегдене, аққудың балапанын көгілдір, түлкінің баласын жаутаң, қасқырдың күшігін бөлтірік, барыстың баласын алан, аюдың баласын қонжық, құндыздың баласын құнай деп атаса, барыстың ұрғашысын таутан, аюдың ұрғашысын кірекей, қасқырдың ұрғашысын құртқа, арыстанның ұрғашысын қаншыр, еркегін ызақор, түлкінің ұрғашысын қанжыр, тау ешкінің ұрғашысын жусақ, қаршығаның ұрғашысын тұнжыр, пілдің ұрғашысын мауыр деп атаған. Бұл – халқымыздың табиғатпен етене өмір сүріп, әр жануардың болмысын, тіршілігін жіті танығанының айқын көрінісі. Жануарлардың ғана емес, олардың жасына, жынысына, түр-түсіне дейін жеке атау беру – қазақ тілінің байлығы мен ұлт дүниетанымының тереңдігін көрсетеді. Сол сияқты жолбарысқа қатысты тілімізде қалыптасқан атаулар бар.
Бұл арада кесіп айтатын мәселе бәрі мысық тұқымдас болғанымен, жолбарыстың күшігін марғау деп атамайды. Мысықтың баласын марғау, аналығын маршын деп атайды. марғауды соқыр, жұмық, шаған, безек, мәуелен деп те айтады. Марғау сөзінің мұнан өзге (1) Нарау, сылбыр, селқос, самарқау (Марғау тірлік); (2) Құлазыған, мүлгіп жатқан (Марғау сахара); (3) Дәйексіз, белгісіз бағыт, барса-келмес (Сұрасаң Сарыбайды марғау кеткен) деген мағыналары да бар (Қайыржан К., Сөз – сандық: Қазақтың көне сөздері. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2013. – 480 бет). Демек, жолбарыстың баласын марғау деп атау орынсыз. Күшігі деп жалпылай атай салу да дұрыс емес. Өйткені тілімізде жолбарыстың баласын сармақ (Саптаяқтай еріндім, сармақтай азулым. Бұқар жырау), шөнжік деп атаған. Ал жолбарыстың еркегін қазақ шері, ұрғашысын өлекшін немесе қанжыр деп атағанын да ескеру керек. JUZ медиа дарақ сөзін не үшін жолбарыс атауының баламасы ретінде қолданғанын түсіне алмадық. Қазақ фольклорлық жырларында «жемісі көп, мәуелі ағаш» ұғымында қолданылып, «миуалы дарақ», «саялы дарақ» тәрізді тіркестер кездескені болмаса, жолбарысқа қатысты айтылған тіркестерді кездестірмедік.
Дәлелденбеген немесе кездейсоқ ұсынылған баламалар уақыт өте келе ақиқат ретінде қабылданып, тілдік ала-құлалықтың белең алуына себеп болады. Сондықтан тіл байлығын ақтаудың ең дұрыс жолы – жаңа атауды ойдан шығару емес, халық жадында сақталған байырғы сөздерді ғылыми сүзгіден өткізіп, дәлелді түрде айналымға енгізу.