Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тең дәрежедегі ядролық диалог: жастардың атом саласына қадамы» атты Ұлттық жастар диалогы өтті. Студенттермен ашық форматтағы кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Атом саласын дамыту мәселелеріне арналған алғашқы жастар диалогтары Алматы мен Астана қалаларында өтті. Диалог барысында атом саласына отандық кадрлар даярлау, білім беру бағдарламаларын дамыту, студенттердің практикалық даярлығын күшейту және саланың технологиялық даму жағдайында сұранысқа ие жаңа құзыреттерді қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Ғылым және жоғары білім министрі атом энергетикасының дамуы білікті кадрларға ұзақ мерзімді сұраныс қалыптастыратынын, ал жоғары білім беру жүйесі бұл қажеттіліктерге уақытылы жауап беруі тиіс екенін атап өтті.
«Атом саласы – бұл тек технологиялар мен инфрақұрылым ғана емес, ең алдымен, оның дамуын ондаған жылдар бойы қамтамасыз ететін адамдар. Қазақстанның жаңа атом саласын қалыптастыру мықты ғылыми және білім беру базасыз мүмкін емес. Сондықтан біздің міндетіміз – қазірден бастап саланың перспективалық қажеттіліктерін ескере отырып, іргелі білімі, заманауи инженерлік және цифрлық құзыреттері бар мамандарды даярлауға жағдай жасау. Қазақстанда атом саласына кадр даярлау 12 жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. Біз білім берудің практикалық бағытын кезең-кезеңімен күшейтіп келеміз, атап айтқанда, студенттер заманауи зертханаларда жұмыс істейді, өндірістік практикадан және тағылымдамадан өтеді, нақты жобаларға қатысады, кәсіпорындар ұсынған міндеттерді шешеді. Сонымен қатар салаға физиктер мен инженерлер ғана емес, IT, экономика, экология, халықаралық ынтымақтастық және басқа да бағыттар бойынша мамандар қажет. Біздің міндетіміз – білім беру, ғылым және өндіріс өзара тығыз байланыста жұмыс істейтін бірыңғай экожүйе қалыптастыру. Бұл ретте жас маман оқу кезінде-ақ өзінің кәсіби бағыты мен даму мүмкіндіктерін түсінуі қажет. Жастар атом саласын тек мамандық таңдау мүмкіндігі ретінде емес, Қазақстанның жаңа технологиялық саласын қалыптастыруға үлес қосып, оның болашағын айқындауға қатысу мүмкіндігі ретінде қабылдауы керек», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бүгінде атом саласында сұранысқа ие мамандар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында энергетика, физика, инженерия, тау-кен ісі және басқа да сабақтас бағыттар бойынша даярланады. 2000 жылдан бері тиісті білім беру бағдарламалары бойынша шамамен 4,5 мың маман даярланды.
Атом энергетикасын перспективалық дамытуға байланысты кадр даярлау талаптары да кеңейе түседі. Жабдықтарды пайдалану және қызмет көрсету, ядролық және радиациялық қауіпсіздік салаларындағы мамандармен қатар салаға инженерлер, ғалымдар, оқытушылар, цифрлық технологиялар, робототехника, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және экологиялық мониторинг бағыттарындағы мамандар қажет болады.
Іргелі даярлықты практикалық тәжірибемен ұштастыруға ерекше мән беріледі. Студенттерге практикадан және тағылымдамадан өту мүмкіндігін ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институты ұсынады. Соңғы он жылда Ядролық физика институтының Астана филиалында ЕҰУ-дың 500-ден астам студенті тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта университеттің 100-ден астам түлегі Ядролық физика институтының Астана филиалында, Агенттікте және басқа да бейінді ұйымдарда еңбек етеді.
Өз кезегінде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы алдағы 10-15 жылда Қазақстанға атом электр станцияларында жұмыс істейтін мамандармен қатар ұлттық атом мектебін қалыптастыра алатын инженерлер, ғалымдар, оқытушылар мен басқару саласының мамандары қажет болатынын атап өтті.
«Біз қазақстандық жас маманды жай ғана АЭС қызметкері емес, елдің бүкіл атом саласын дамытуға атсалыса алатын кәсіби маман ретінде көргіміз келеді», – деді Агенттік төрағасы.
Кездесу барысында жастарға арналған халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Студенттер Біріккен ядролық зерттеулер институтымен бірлескен бағдарламаларға қатыса алады, Цинхуа университетіндегі TUNEM халықаралық магистрлік бағдарламасы бойынша білім ала алады, сондай-ақ Atomic Energy Scholarship стипендияларына үміткер бола алады. «Болашақ» бағдарламасы аясында атом саласының қызметкерлеріне әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға және тағылымдамадан өтуге жыл сайын 20 стипендия бөлінеді.
Диалогқа қатысушылар атом энергетикасын дамытудың перспективаларын және тиісті жобаларды іске асырудың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын да талқылады. Атап айтқанда, Үлкен кенті маңындағы нысандардың құрылысы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және мамандарға деген қосымша сұраныстың қалыптасуына ықпал етеді. Құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам адамға қажеттілік туындайды.
Кездесуге тек ядролық физика саласында білім алып жатқан студенттер мен жас мамандар ғана емес, сабақтас бағыттар мен салалардың өкілдері де қатысты. Мұндай ашық формат атом саласының технологиялық міндеттерімен қатар ядролық және сабақтас білім беру, жастар үшін кәсіби даму мүмкіндіктері, халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен өзара байланыс мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік берді. Диалог барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер жастардың атом саласына белсенді араласуына және білікті кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.