«Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті

«Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорданың "Жетісу" саябағында  Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» тақырыбы аясында көпшілікке арналған «Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара Абай күніне орай өткізілді. Соның барысында жасөспірімдерге арналған отан, білім, отбасы құндылықтары жайлы мақал-мәтел сайысы ұйымдастырылып, қызықты викториналар мен ойындар арқылы олардың танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталған интерактивті бағдарламалар ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушыларға ұлттық құндылықтар, дәстүр, тарих және діни сауаттылық туралы мағлұматтар беріліп, деструктивті діни ағымдардың алдын алуға арналған «сұрақ-жауап» форматындағы ақпараттық сессия өткізілді.

Сайыс жеңімпаздарына алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, акцияға атсалысқан белсенді еріктілер де алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Акция аясында елорда тұрғындарына деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі туралы ескертетін, сенімді дереккөздердің, тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімін, дін саласындағы заңнаманы және т.б. қамтитын 3 мыңнан астам ақпараттық брошюралар үлестіріліп, бейнероликтер көрсетілді.

Іс-шараның мақсаты - елорда тұрғындарын деструктивті діни ағымдар мен олардың қауіптілігі туралы хабардар ету, діни сауаттылықты арттыру және дін саласындағы заңнамамен танысу мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу.