Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «JARYQ AQ-JOL» ЖШС, «Астана орманы» ЖШС және Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, елорданың орманды саябақ аймағына (Жасыл белдеу) 1 200 бас Жетісу қырғауылын табиғатқа жіберді. Құстар Нұра ауданындағы Айналма жол маңындағы аумаққа жерсіндірілді.
Қырғауылдарды табиғатқа жіберудің басты мақсаты – олардың мекендеу аумағын кеңейту, жаңа табиғи орталарды қоныстандыру және экожүйенің биологиялық тепе-теңдігін сақтау. Сонымен қатар, қырғауылдар зиянды жәндіктермен қоректенетіндіктен, оларды табиғи биологиялық күрес құралы ретінде пайдалану орман алқаптарының экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Елорданың жасыл белдеуі қырғауылдардың тіршілігіне қолайлы табиғи орта саналады. Мұндағы жасыл желектер, қамысты алқаптар, бұталар, жайылымдар және дәнді дақылдар өсірілетін аумақтар құстардың еркін тіршілік етуіне мүмкіндік береді. Мұндай табиғи экожүйелер биоалуантүрлілікті сақтап қана қоймай, табиғатты қорғау, рекреация және орман шаруашылығын дамыту тұрғысынан да маңызды рөл атқарады.
Жетісу қырғауылдары жергілікті климатқа жақсы бейімделген, аязға төзімді құстардың қатарына жатады. Оларға ерекше күтім қажет емес, тек қыс мезгілінде қосымша азықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Табиғи ортада олар негізінен өсімдік тектес азықпен – тұқымдармен, жидектермен, тамырлармен және өсімдіктердің жасыл бөліктерімен қоректенеді. Сонымен қатар, жәндіктерді де азық ретінде пайдаланады.
Қырғауылдар елорданың орманды саябақ аймағында орналасқан арнайы фазанарийде өсіріледі. Мамандар құстардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, оларды табиғи ортаға бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді.
«Жасыл белдеуді дамыту – қаланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Қырғауылдарды табиғатқа жіберу биоалуантүрлілікті сақтауға, экожүйенің табиғи тепе-теңдігін нығайтуға және зиянкестердің санын табиғи жолмен азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді басқарма басшысының орынбасарының м.а. Уәлихан Қуанышев.