Ел және өңір тарихында орны бар Ақмоланың жөні бөлек, ал елорда болып жаңғырған Астана - жас қала. Тәуелсіздіктен кейін таңдалған бірінші астанамыз - азаттықтың рәмізі іспетті. Жаңаша ойлауға, тыңнан қадам жасауға, жас буынға кең жол ашуға мүмкіндік беретін шаһар.
Ел байтағында өмір сүру - екінің біріне бұйыра бермейтін бақ әрі соған сай жауапкершілік. Қаланың қақ ортасын бөліп аққан ерке Есіл, көрікті көпірлер, еңселі ғимараттар мен тарихи ескерткіштер көз тартады. Өзіне тән табиғаты, заманға сай келбеті бар елордамызды аялауға, оны қызғыштай қоруға тиіспіз.
Иә, советтік кезең насихатында ел жүрегіне “ең, ең…” - деп ен таға сөйлеу сән еді. Қазір ондай жалған, әсіре бейнелеудің қажеті шамалы. Өйткені, әлемде астаналардың қалыптасқан өлшеміне сай рейтингі бар. Тұрғындарының қауіпсіз, бақуатты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаған заманауи қала ғана озық астана мәртебесіне лайық деп танылады.
Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби әйгілі трактатында: “Қайырымды ізгі қала керемет, сау денеге ұқсайды, оның барлық мүшелері бір-біріне тірі тіршілік иесінің өмірін сақтауға және оны толығымен қызмет жасауына көмектеседі”- деп жазған екен. Шындығында, қазіргі Астананың ахуалы - артықшылығы мен кемшілігін, жақсысы мен жасығын ең бірінші оның тұрғындары анықтайды. Оны қоғамдық сана дейміз. Кез-келген ортаның әуелгі байлығы - сана-сезімі жоғары, жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, адал, білімді, талантты, мәдениетті, меймандос адамдар. Ал, әділетті болу - ауызекі айта салатын жалаң ұран емес, ол ұрпақтар жалғастығымен, дәстүр сабақтастығымен бірге келетін қасиет. Қайткенде де Астана - жаңа Қазақстан құру жолында еліміздің көшін бастайтын бағаналы, басты орда болуға тиіс. Біз өзіміз қандаймыз - қаламыз да сондай. Қарапайым амандасудан бастап көлденең жатқан қоқыстың түйіріне дейінгі мәдениет - баршамызға ортақ мәдениет, ортақ жауапкершілік.
Бас қала тұрғындарының мереке үстіндегі арман-тілегі мен мақсат-мұраты осындай қағидаттан өрбуі керек деп ойлаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ,
қоғам және мемлекет қайраткері