Астанада халықаралық ETHNOPHYGITAL ASTANA 2026 өтеді

Астанада халықаралық ETHNOPHYGITAL ASTANA 2026 өтеді

4 тамыз күні Астанада «Болашақ ойындары – 2026» аясында ұлттық дәстүрлер мен жаңа буын цифрлық технологияларын тоғыстыратын бірегей ETHNOPHYGITAL ASTANA 2026 «Ұлы дала коды» халықаралық іс-шарасы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны Қазақ ұлттық спорт университеті мен Этнофиджиталды дамыту академиясы ұйымдастырады. Жоба ұлттық спорт түрлерін, мәдени мұраны, заманауи цифрлық форматтарды және көрермендердің интерактивті қатысуын біріктіретін халықаралық алаңға айналмақ.

Іс-шараның басты тұжырымдамасы – этнофиджитал. Бұл дәстүрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерін заманауи цифрлық форматпен ұштастыратын жаңа бағыт. Әр қатысушы екі өзара байланысты кезеңнен өтеді: алдымен цифрлық немесе интерактивті ортада тапсырманы орындайды, кейін нақты спорттық, зияткерлік немесе шығармашылық сынақта өз шеберлігін көрсетеді. Қорытынды нәтиже екі кезеңнің жиынтық ұпайымен анықталады. Бұл тәсіл ұлттық дәстүрдің төл болмысын сақтай отырып, оны жас ұрпаққа тартымды әрі түсінікті етеді.

Үш сағатқа созылатын бағдарлама аясында қонақтарды спорт, мәдениет, технология және шоу элементтерін біріктіретін мазмұнды іс-шаралар күтеді.

ETHNOPHYGITAL ASTANA 2026-ның үш негізгі бағыты:

EthnoPhygital Asyq – қазақтың ұлттық асық ату ойынының заманауи үлгісі. Қатысушылар алдымен дәлдікке арналған цифрлық кезеңнен өтіп, кейін нақты асық ату сайысында бақ сынайды. Екі кезеңнің ұпайлары біріктіріліп, қорытынды нәтиже шығарылады.

Digital Togyzqumalaq – цифрлық ойын мен дәстүрлі тоғызқұмалақ тақтасындағы партияларды біріктіретін зияткерлік бағыт. Жаңадан қатысушылар Ұлы даладағы ең көне стратегиялық ойындардың бірі – тоғызқұмалақтың тарихы мен ережелерімен танысса, тәжірибелі ойыншылар жедел блиц-турнирге қатысады.

EthnoPhygital Dance – ұлттық хореография мен цифрлық технологияларды үйлестіретін би бағыты. Қатысушылар ұлттық киіммен қазақ биінің элементтерін орындап, қозғалыс заманауи технологиялық ойынның бір бөлігіне айналатын интерактивті цифрлық сынақтан өтеді.

ETHNOPHYGITAL ASTANA 2026 студенттерді, жас спортшыларды, спорт федерацияларының, мәдени және жастар ұйымдарының өкілдерін, цифрлық жобалар авторларын, блогерлерді, халықаралық сарапшыларды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін бір алаңға жинайды.

Жоба ұлттық мұраның дәстүрлі құндылықтарын сақтай отырып, заманауи технологиялар арқылы болашақтың бір бөлігіне айнала алатынын көрсетеді. Дәл осы ұстаным этнофиджиталдың жаңа халықаралық тұжырымдамасының негізіне айналып, мәдениет, спорт және цифрлық кеңістікті қарым-қатынас, жарыс және шығармашылықтың ортақ алаңында тоғыстырады.

Өтетін орны: Қазақ ұлттық спорт университеті, Қарқаралы көшесі, 15. Басталуы: сағат 14:00-де.

БАҚ өкілдерін тіркеу:

Айгүл Даулыбай, +7 701 136 02 77

Константин Балаганский, +7 950 032-30-32 (3 тамызға дейін)