Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 алаңында 1-3 қазан күндері жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі – Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Ұсынылған жұмыс саны бойынша Қазақстан екінші орынға ие болды. AAIFF 2026 Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылып, AI MONTH аясындағы негізгі шаралардың бірі саналатын AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасына енеді. Үш күн бойы елордада байқаудың финалистері, халықаралық қазылар алқасының мүшелері, технология және креативті индустрия өкілдері бас қосады. Ал байқауға ұсынылған фильмдер көрермен назарына үлкен экранда ұсынылады.
Фестивальге халықаралық IT және венчурлік индустрия өкілдері қаржылай және технологиялық қолдау көрсетіп отыр. Атап айтқанда, болашағы зор командаларды қолдауға арналған 1 миллион доллар инвестициялық капиталды Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры, a16z венчурлік қорының экс-бас серіктесі әрі The Network School негізін қалаушы Баладжи Сринивасан ұсынды.
Фестивальдің технологиялық серіктесі – TikTok пен CapCut сияқты технологиялық өнімдерімен танымал ByteDance корпорациясының B2B бағыты BytePlus. Компания генеративті жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерімен де белгілі. Фестивальдің жалпы жүлде және инвестициялық қоры 2 миллион долларды құрайды. Оның 1 миллион доллары байқау бағдарламасының жеңімпаздарына берілсе, тағы 1 миллион доллар үздік AI-командаларға инвестициялық қолдау көрсетуге бағытталады. Ұйымдастырушылар Алмас Жали мен Айзатулла Хуссейннің мәліметінше, фестивальге қатысуға әлемнің 125 елінен өтінім түскен. Үздік ондыққа АҚШ, Қазақстан, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция кірді.
Қазақстандық авторлар 829 өтінім беріп, елдер арасында екінші нәтиже көрсетті. Байқауға жаңадан бастап жүрген авторлармен қатар, халықаралық аудиториясы қалыптасқан AI-контент жасаушылар да қатысып жатыр.
«125 елден 8 067 өтінімнің түсуі AI-киноның енді эксперимент деңгейінен өтіп, өз авторлары мен командалары бар индустрияға айналғанын көрсетеді. Қазір бұл индустрияның қалыптасқан инфрақұрылымы жоқ. Біз оны Қазақстанда құрғымыз келеді. Сондықтан жүлде қорымен қатар, инвестициялық капитал да қарастырылған. Командалар осында заңды тұлға ретінде тіркеліп, Astana Hub резиденті атанып, өндірісін Қазақстаннан жалғастыра алады. Осылайша фестиваль айналасында AI-өндіріс экожүйесі қалыптасады», – деді AAIFF негізін қалаушы әрі басқарма төрағасы Алмас Жали.
Негізгі бағдарламаның тақырыбы – The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Оның жүлде қоры 750 мың долларды құрайды. Гран-при иегеріне 450 мың доллар, екінші орын алған фильм авторына 200 мың доллар, үшінші орын иегеріне 100 мың доллар беріледі.
Ашық секцияға тағы 250 мың доллар қарастырылған. Мұнда бес жеңімпаздың әрқайсысы 50 мың доллардан алады. Олар «Үздік кейіпкер», «Үздік режиссура», «Үздік визуалды тіл», «Үздік оқиға» және «Үздік концепция» номинациялары бойынша анықталады.
Қатысушылар ұзақтығы үш минуттан кем емес қысқаметражды фильмдер ұсынды. Байқаудың негізгі талаптарының бірі – full AI форматы. Яғни жасанды интеллект туындыны жасау процесінің негізгі бөлігі болуы тиіс. Байқауға түскен барлық жұмыс міндетті түрде плагиат бойынша тексеріледі.
Фестивальдің жеке бағыты болашағы мықты командаларды кейіннен қолдауға арналған. Инвестиция алушылар ұсынылған жұмыстардың сапасына, олардың орындалу деңгейіне және AI-өндіріс саласындағы әлеуетіне қарай анықталады. Таңдалған командалар Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, Astana Hub қатысушылары атанады.
BytePlus-пен технологиялық серіктестік аясында 25 финалист DRAMAGIC контент жасау платформасына бір жылдық жазылым және 60 мың кредиттен тұратын пакет алады.
Халықаралық қазылар алқасының құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның экс-мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BytePlus өкілі кіреді.
Байқау жұмыстарының көрсетілімі 1 қазанда Астанадағы Chaplin кинотеатрында басталады. Көрсетілімдерді алдын ала билет алған көрермендер тегін тамашалай алады. Фестиваль сондай-ақ AI & Digital Bridge 2026 аясындағы жасанды интеллекттің кино, музыка, визуалды өнер, медиа, сән және сторителлингке әсеріне арналған Creative Bridge бағытының бір бөлігі болады.
Халықаралық байқаудың қорытындысы мен жеңімпаздардың есімдері 3 қазанда Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 алаңында жарияланады.