Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» анықталды

Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» анықталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Амфитеатрда дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бүгінде отбасы құндылықтарын, сүйіспеншілік пен бірлікті, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ерекше мерекеге айналған іс-шара барысында өзгеге үлгі болып, ұлттық дәстүрді сақтауға және отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген жанұялар құрметке бөленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

       «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – рухани және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бірегей республикалық жоба. Байқау өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі етіп, ұрпақтар сабақтастығын, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты және ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған. Байқауға елорданың алты ауданынан қоғамдық белсенділігі, бала тәрбиесіндегі өнегелі тәжірибесі, еңбек жолы, отбасы дәстүрлерін сақтау мәдениеті және қоғам өміріне қосқан үлесі бар отбасылар өтінім берді.       

     Салтанатты марапаттау жиынына Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, басқармалар басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысып, олар әр орын мен аталымдар бойынша жеңімпаздардың марапаттарын өз қолымен табыстады. Сонымен байқау нәтижесінде «Дарынды отбасы» аталымы бойынша Балтаевтар, «Ырысты отбасы» аталымымен Сыздықовтар әулеті, «Берекелі отбасы» номинациясымен Ерғалиевтер, «Өнегелі отбасы» аталымы бойынша Тоқмурзиндер, «Парасатты отбасы» аталымымен Сапарғалиевтер, «Үлгілі отбасы» номинациясымен Черниязовтар, «Ұлағатты отбасы» аталымымен Ибраевтар, «Алтын шаңырақ» аталымы бойынша Мұратовтар, «Жасампаз отбасы» аталымында Смаиловтар, «Өнерлі отбасы» номинациясымен Жүнісовтер, «Зияткер отбасы» аталымы бойынша Ибрашевтар, «Салауатты отбасы» аталымымен Қарабалин әулеттері марапатталып, әрқайсысына дипломға қоса 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.  

      Одан соң әр алты ауданның үздіктері сахна төріне шықты. Сонымен Байқоңыр ауданынан Евниеновтер, Сарайшық ауданынан Тушумбековтер, Сарыарқа ауданынан Құспековтер, Есіл ауданынан Қыдыралиевтер, Нұра ауданынан Мнайдаровтар, Алматы ауданынан Қалиевтер отбасылары жеңімпаз деп танылып, оларға 500 мың теңгеден сыйлық табысталды.

      Ең соңында «Мерейлі отбасы -2026» байқауының Астана қаласы бойынша бас жеңімпазы таныстырылды. Бұл жүлдені биыл Сарыарқа ауданының тұрғындары - Дүйсебековтер отбасы иеленіп, оларға 1 млн теңге жүлде сыйлығы берілді. Отасқанына 23 жыл болған әулетте отағасы, әскери қызметкер Әділжан мен отанасы, медицина университетінде аға оқытушы Гүлбану 7 бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкені 21, кішісі 7 жаста. Одан бөлек жетпістен асқан ата-анасы да қолында. Барлығы бірге нағыз қазақы отбасының үлгісін көрсетіп отырған әулет тек санымен ғана емес, үлкені мен кішілерінің түрлі жетістіктері де көп сапасымен де өнегесін көрсетуде.

        Кеш қонақтарына қазақстандық эстраданың танымал өнерпаздары, атап айтқанда Қайрат Нұртас, Дастан Оразбеков сынды әншілердің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама да ұсынылды.

Райхан Рахметова