Астананың өнеркәсіптік аймақтарының бірінде бизнес өкілдері мен қалалық қызметтер кәсіпорындардың көлік қатынасын жақсарту және қолданыстағы маршруттық желіні оңтайландыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге «Ясный вид» ЖШС құрылтайшысы Венера Кудреноктың өтініші себеп болды. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевпен бірге кәсіпорындар орналасқан аумаққа барып, жағдайды зерделеп, мәселені шешудің ықтимал жолдарын талқылады.
Бұл мәселе бұған дейін «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Төрағасы Қанат Шарлапаевпен өткен кездесуде көтерілген болатын. Осы жұмыстың жалғасы ретінде қалалық қызметтердің қатысуымен жағдайды тікелей өндірістік аумақта зерделеу туралы шешім қабылданды.
Кездесу барысында қоғамдық көліктің қазіргі қозғалыс бағыты, аялдамалардың орналасуы және бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаралды. Талқылауға «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары, Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері және «City Transportation Systems» ЖШС қатысты.
Кәсіпорындар шоғырланған бұл аумақ үшін көлік қатынасының қолжетімділігі қызметкерлердің жұмыс орындарына уақытылы жетуімен қатар, кадрларды тарту және ұстап қалу мүмкіндігіне де әсер етеді.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындар орналасқан аумаққа көлік қатынасын жақсарту бойынша нақты шешім қабылданғанға дейін мәселені қалалық органдармен бірлесіп сүйемелдеуді жалғастырады.