Астана қаласының полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысты деген күдіктінің заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 52 жастағы ер адам ұсталды. Ол елорда аумағында гашиш сатумен айналысқан. Анықталғандай, күдікті есірткі заттарын еліміздің өзге өңірлерінен тасымалдап, оларды ірі көлемде өзіне таныс адамдар арқылы өткізген. Күдіктінің жалға алған пәтерінде жүргізілген тінту кезінде бөлмелердің біріндегі шкафтан жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған пластикалық бөтелкелер табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың гашиш екені анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 3 келіден асты. Аталған факті бойынша есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта құқыққа қарсы әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды және ықтимал сыбайластарын анықтауға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралары жалғасып жатыр.