Астанада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар апталығы басталды

Астанада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар апталығы басталды
Фото: Sustainability Week

14-19 қыркүйек аралығында Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы Астана қаласында Sustainability Week – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған білім беру, интерактивті және ағартушылық іс-шаралар апталығын өткізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бес күн ішінде елорда тұрғындары, эко-белсенділер және университет қауымдастығының өкілдері дәрістерге, шеберлік сабақтарына, экологиялық ойындарға, қоғамдық пікірталастарға және практикалық бастамаларға қатыса алады. Бағдарлама экология мәселелерін тек теориялық тұрғыдан ғана емес, әр адам күнделікті өмірінде қолдана алатын нақты әрекеттер арқылы талқылауға мүмкіндік беретіндей әзірленген.

Sustainability Week апталығын 14 қыркүйекте өтетін University Eco Day ашып, оған Астанадағы түрлі жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Қатысушыларды қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау бойынша дәрістер мен практикалық шеберлік сабақтары күтеді. Іс-шара экология мен тұрақты дамуға қызығушылық танытатын жастардың тәжірибе алмасуына және өзара пікірлесуіне арналған алаң болады.

15 қыркүйекте командалық форматтағы Eco-Quiz – экологиялық викторина өтеді. Қатысушылар экология, қалдықтар, тұрақты даму және экологиялық әдеттер туралы білімдерін тексеріп, интерактивті форматта жаңа ақпарат ала алады.

16 қыркүйекте барша ниет білдірушілер үшін экологиялық «Дармарка» акциясы өтеді. Акция саналы әрі жауапты тұтыну мәдениетін дамытуға бағытталған. Қатысушылар өздері қолданбайтын, бірақ басқа адамдарға пайдалы болуы мүмкін заттармен алмасады. Сонымен қатар, қайта өңдеуге жарамды шикізатты тапсыруға мүмкіндік болады. Мұндай формат заттардың қолданылу мерзімін ұзартуға және полигондарға жіберілетін қалдықтардың көлемін азайтуға ықпал етеді.

17 қыркүйекте су ресурстарын сақтауға арналған Public Talk «Water Care Day: су ресурстары және абаттандыру» өтеді. Қатысушылар су айдындарының қалдықтармен ластануы, адамның күнделікті іс-әрекетінің су жағдайына әсері, сондай-ақ су ресурстарын жауапкершілікпен пайдалану және сақтау жолдары туралы пікір алмасады.

18 қыркүйекте Sustainability Week апталығы «Stop Musor» жобасының алтыншы маусымы мен Жасыл аптаның қорытындысына арналған конференциямен аяқталады. Конференция барысында жоба нәтижелері, негізгі экологиялық бастамалар мен жұмыстың алдағы бағыттары талқыланып, Sustainability Week апталығының қорытындысы шығарылады. Спикерлер ретінде ҚР Құрылтайының, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, ҮЕҰ, бизнес өкілдері және белсенділер шақырылды.

Апталықтың соңғы акценті 19 қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day халықаралық бастамасына қатысу болады. Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы жыл сайын осы халықаралық бастамаға қосылып, Қазақстан тұрғындары мен еріктілерін экологиялық акциялар өткізуге және аумақтарды қоқыстан тазартуға біріктіреді.

Осылайша, Sustainability Week апталығы Қазақстанның қалалары мен табиғи аумақтарын таза ұстау жөніндегі ортақ мақсатқа адамдарды біріктіретін практикалық әрекетпен аяқталады.

Sustainability Week бірнеше жылдан бері экологиялық акцияларды, ағартушылық іс-шараларды және жастарды экологиялық бастамаларға тартуға бағытталған жобаларды біріктіріп келе жатқан «Stop Musor» жобасының аясындағы кең көлемді жұмыстардың бір бөлігі болады. Жобаның негізгі идеясы - экологиялық жауапкершілік әр адамның қарапайым әрекеттерінен басталады: қалдықтарды дұрыс сұрыптау, заттарды қайта пайдалану, суға ұқыпты қарау және саналы тұтыну.