Астанада цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары бойынша жұмыс жалғасуда

Астанада цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары бойынша жұмыс жалғасуда
фото: Астана қаласының әкімдігі

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Астанада қаланы цифрлық трансформациялау жұмыстары жалғасуда. Негізгі бағыттар жасанды интеллект технологияларын енгізуге, қалалық цифрлық сервистерді дамытуға және заманауи технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған. Жұмыс үш стратегиялық бағыт «Қауіпсіз қала», «Ашық қала» және «Ақылды қала» бойынша жүргізілуде. Бұл туралы Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Берік Ахметов баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикердің айтуынша, елорданың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі жобалардың бірі Astana Smart City жобасы болып табылады. Жоба аясында Қалалық ахуалдық орталық жұмыс істейді. Ол бейнебақылау, жедел және коммуналдық қызметтерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіреді.

-Жүйеге 60 мыңнан астам камера қосылып, жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитиканың 35 сценарийі енгізілді. Олар түтін мен өртті, адамдардың шоғырлануын, төбелесті және басқа да штаттан тыс жағдайларды анықтайды. Сонымен қатар 1 200-ден астам аппараттық бағдарламалық кешен жол жүрісі қағидаларын бұзудың 15 түрін тіркейді. Бірінші жартыжылдықта 2,5 мыңнан астам оқиға пысықталды. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,4 пайызға төмендеп, 189-дан 122 жағдайға дейін азайды. Қоғамдық кеңістіктерде бейнебақылау жүйесін кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2022-2025 жылдары 860 нысанда 4 430 камера орнатылды. 2026 жылы тағы 240 нысанда 1 200 камера орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 1 142-сі орнатылды, - дейді ол. 

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 100 мемлекеттік мектепте 1 940 камера және 100 SOS дабыл түймесі орнатылды. Жалпы бірыңғай жүйеге 10 мыңнан астам мектеп камерасы интеграцияланды. Биыл кешенді қауіпсіздік жүйесін мемлекеттік балабақшаларға енгізу басталды. Бірінші кезеңде 1 700 камера, 100 дабыл түймесі және 100 бейнедомофон орнату, сондай-ақ қолданыстағы 4 мың камераны интеграциялау көзделген.

«Вафли» таңбалаудың басты міндеті – қиылыстарды бұғаттауға жол бермеу және көліктің еркін қозғалысын қамтамасыз ету. Жүргізуші оны тоқтаусыз толығымен жүргізе алатын жағдайда ғана қиылысқа кіруі керек. Егер алда кептеліс пайда болса және қиылыста тоқтап қалу қаупі болса, кіруге тыйым салынады. Бұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 594-бабының 1-бөлігі бойынша 3 АЕК мөлшерінде айыппұл әкімшілік жауаптылық көзделген.

«Ашық қала» бағыты бойынша тұрғындардың қаламен өзара іс қимыл жасауына арналған цифрлық сервистер дамытылуда.  2026 жылдың бірінші жартыжылдығында iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы 1,1 млн-нан астам өтінішті өңдеді. Оның 935 мыңы консультация, 188 мыңы инцидент болды. Мәселелердің 83 пайызы алғашқы қоңырау барысында шешілді.

Birge платформасында бірінші жартыжылдықта 20 мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп, 30 мың өтінім өңделді.  Astana.kz елорданың бірыңғай цифрлық порталы іске қосылды. Бүгінде порталда 14 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, 115-тен астам қалалық және коммуналдық қызмет қолжетімді. Өтініштер саны 15 мыңнан асты. QalaQyzmet порталының Astana.kz платформасына біріктірілуі коммуналдық қызметтерді бір ортада шоғырландыруға мүмкіндік берді. Бірінші жартыжылдықта онлайн және фронт офистер арқылы 103 мыңнан астам өтінім өңделді.

 Елорданың үш инсульт орталығында Cerebra AI жүйесі жұмыс істейді. Жүйе КТ суреттері бойынша инсультті диагностикалауға көмектесіп, диагноз қою уақытын 5 минутқа дейін қысқартады. Бірінші жартыжылдықта 5 700-ден астам зерттеу өңделді. Әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру процесі толық цифрландырылды. Бірінші жартыжылдықта жүйе арқылы 7 426 адам өтті. Сонымен қатар Денсаулық сақтаудың ахуалдық орталығы 29 медициналық ұйымның 220-дан астам көрсеткіші бойынша деректерді біріктіреді. 

Астанада 16 тұрғын алап пен бір саяжай алабы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Оптикалық желілерге 12 мыңнан астам жеке үй қосылды. Биыл байланыс сапасы төмен 22 аймақ анықталып, оның 12-сінде мәселе шешілді. Қазіргі уақытта елордада 423 5G базалық станциясы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 74 базалық станция орнату жоспарланған.

«Ақылды қала» бағыты бойынша AI Lab қалалық технологиялық сынақ алаңы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта оның R&D бағыты шеңберінде шамамен 11 стартап пен технологиялық жоба сүйемелденуде. 2026 жылы Astana Innovations Accelerator бағдарламасының үшінші легі іске қосылды. Бағдарламаға 340-тан астам өтінім түсіп, 29 стартап іріктелді.

Әлеуметтік маңызы бар технологиялық жобалар да жүзеге асырылуда. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Úmit интеллектуалды қалпақшасының пилоттық жобасы іске қосылды. Құрылғы қозғалысы шектеулі адамдарға смартфон, компьютер және электрлі мүгедектер арбасын қолдың көмегінсіз басқаруға мүмкіндік береді.

Цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау бағытында 2017 жылдан бері Астанада 2,5 мыңнан астам оқушыны қамтыған 11 STEM олимпиадасы өткізілді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елорданың цифрлық трансформациясы қауіпсіздік, қалалық қызметтер, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларына нақты енгізіліп келеді. Екінші жартыжылдықта жасанды интеллект технологияларын қалалық процестерге енгізу және тиімді цифрлық шешімдерді кеңейту жұмыстары жалғасады.