2026 жылдың 24 шілдесінде Астана көгінде алғаш рет электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемесі (eVTOL) негізіндегі аэротаксидің демонстрациялық ұшуы жүзеге асырылды. Ұшу «Қазанат» ипподромының аумағында өтіп, Қазақстандағы қалалық әуе мобильдігін (Urban Air Mobility, UAM) дамыту жобасын іске асырудағы кезекті кезең болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Демонстрациялық ұшу «Samruk-Kazyna» қолдауымен өткен «Болашақ ойындары 2026» (Games of the Future, GOTF 2026) халықаралық турнирі аясында жүзеге асырылды.
Іс-шараны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы eVTOL аппараттарының жетекші өндірушісі AutoFlight (Қытай) компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Демонстрация барысында бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity eVTOL аппараты пайдаланылды. Әуе кемесі сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады. Ол 13 электрқозғалтқышпен жабдықталған, дәстүрлі әуе көліктеріне қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді және атмосфераға көмірқышқыл газын бөлмейді.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес AutoFlight Prosperity аппаратының демонстрациялық ұшуы жолаушыларсыз өткізілді. Мұндай формат жаңа авиациялық техниканы алғаш рет көпшілік алдында көрсету кезінде қолданылатын халықаралық стандартты тәжірибе болып саналады. Ол әуе кемесінің ұшу сипаттамалары мен жүйелерінің сенімділігін жолаушылар тасымалына толық сертификат берілгенге дейін бағалауға мүмкіндік береді.
«Астанадағы аэротаксидің демонстрациялық ұшулары – өз алдына жеке демонстрациялық іс-шара емес, Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бүгінде елімізде толыққанды экожүйе кезең-кезеңімен қалыптастырылып жатыр: қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданды, инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде, әлемнің жетекші компанияларымен халықаралық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Демонстрациялық ұшулар саланы жаңа технологияларды іс жүзінде енгізуге жүйелі түрде дайындауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – инновациялық әуе көлігін мемлекеттің көлік жүйесінің бір бөлігіне айналдыру», – деді «Alatau Advance Air Group Ltd.» жекеменшік компаниясының бас директоры Сергей Хегай.
Қазақстанда, оның ішінде Алатау қаласы аясында қалалық әуе мобильдігін (Urban Air Mobility, UAM) дамыту жұмыстарын Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жүргізеді. Осы бағытта жаңа саланы қалыптастыруға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы жолға қойылып жатыр. Бұл үдерісте Көлік министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі негізгі рөлді атқарады.
Бұл жұмыс 2026 жылдың 24 маусымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюымен заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Құжат елімізде Urban Air Mobility (UAM) саласын дамытуға арналған заманауи құқықтық негізді алғаш рет қалыптастырды. Онда электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелерінің (eVTOL), вертипорттардың және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесінің (UTM) құқықтық мәртебесі бекітіліп, нарық қатысушыларын сертификаттауға және цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптар айқындалды.
«Қабылданған заңнамалық өзгерістер Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамытуға қажетті құқықтық негізді қалыптастырды. Алатау мен Астанада өткен демонстрациялық ұшулар еліміздің eVTOL технологияларын кезең-кезеңімен практикалық тұрғыда енгізуге көшіп жатқанын көрсетеді. Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды ұлттық көлік жүйесіне қауіпсіз интеграциялауды қамтамасыз етіп, жоғары технологиялық жаңа саланың дамуына қолайлы жағдай жасау», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде.
«Біз мүлде жаңа саланы – төмен биіктіктер экономикасын қалыптастырып жатырмыз. Ақылды вертипорттар мен ұшуларды басқарудың цифрлық жүйесін қамтитын озық инфрақұрылымды құру Қазақстан қалаларының келбетін сапалы түрде өзгертіп, еліміздің технологиялық көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде.
Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі аясында жаңа саланы дамыту көзделген. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Конституциялық заң қаланы инновациялық көлік технологияларын енгізуге арналған пилоттық алаң ретінде айқындады. Алатау қаласы жаңадан салынып жатқандықтан, қалалық әуе мобильдігінің инфрақұрылымы оның бас жоспарына жобалау кезеңінен бастап енгізілуде.
Бүгінде Алатауда өңірдегі алғашқы қалалық әуе мобильдігі орталығы – UAM Center Eurasia жобасы іске асырылып жатыр. AAAG компаниясы Korea Airports Corporation, UrbanV және AutoFlight компанияларымен бірлесіп, вертипорттар желісін, цифрлық инфрақұрылымды құру және көліктің жаңа түрін коммерциялық пайдалану мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізуде.
AutoFlight компаниясының аға вице-президенті Келлен Се былай деді: «Болашаққа көз жүгіртсек, біздің ірі көлемді eVTOL технологиямыз бұл өңірді бірден бірнеше бағыт бойынша өзгертетініне сенімдіміз. Атап айтқанда, қалалар арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін аэротакси қызметтері, теңізге шығатын жолы жоқ әлемдегі ең ірі елдердің бірінде алыс қашықтықтарды қысқартатын өңіраралық әуе тасымалы, қарлы таулар мен тау шаңғысы курорттарына шолу ұшулары, қалааралық логистика мен жедел жеткізу қызметтері, сондай-ақ жедел медициналық көмек көрсету мен энергетикалық инфрақұрылымды пайдалануды қамтитын ақылды қалаларды басқару жүйелері. Бұл бағыттар жай ғана технологиялық мүмкіндік емес, Орталық Азия үшін зиянды қалдықтары жоқ тұрақты көліктің жаңа үлгісін қалыптастырады. Қазақстан Үкіметіне, авиация саласының уәкілетті органдарына, стратегиялық серіктесіміз AAAG компаниясына және экожүйеміздің барлық серіктестеріне артқан сенімі мен тұрақты қолдауы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз бірге баршаға жарқын болашақ қалыптастыратын интеллектуалды төмен биіктіктегі көлік желісін құрып жатырмыз», – деді ол.
AutoFlight Prosperity аэротаксиі демонстрациялық ұшудан кейін «Samruk-Kazyna» қолдауымен өтетін «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирінің ең ерекше экспонаттарының біріне айналады. 29 және 30 шілде күндері аппарат «Барыс Арена» алдындағы ашық көрме алаңында таныстырылады. Онда Астана тұрғындары мен қала қонақтары eVTOL әуе кемесін жақыннан көре алады. eVTOL ішінде «Болашақ ойындарының» маскоттары бейнеленген тақырыптық инсталляция орналастырылып, әуе кемесі жаңа буын технологияларының символына айналады. Экспозиция спортты, инновацияларды және озық технологиялық шешімдерді тоғыстыратын турнир тұжырымдамасының жарқын көрінісі болмақ.