2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында 23-24 шілде күндері Астана қаласында мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг басталды.
Мониторингті мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жұмыс тобы Астана қаласының аумақтық және аудандық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен жүргізуде.
Астана қаласында 403 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған және мониторинг барлық сайлау учаскелерінде жүргізіледі. Негізгі мақсат – барлық санаттағы сайлаушылар үшін тең және кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан сайлау учаскелерінің дауыс беруді ұйымдастыруға дайындығын бағалау.
Ерекше назар арнайы қолжетімділік жағдайларын қажет ететін мүгедектігі бар адамдардың үш санатына – тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті жағдайлардың жасалуына аударылады. Мониторинг барысында кіреберіс топтарының қолжетімділігімен қатар, үй-жай ішінде өздігінен қозғалу мүмкіндігі, пандустардың, тұтқалардың, шақыру батырмаларының, тактильді бағыттағыштардың, қолжетімді дауыс беру кабиналарының, навигация элементтерінің және кедергісіз ортаны қамтамасыз ететін басқа да құралдардың болуы бағаланады.
Мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобы анықталған ескертулерді жою жөнінде ұсынымдар әзірлейді. Ұсынымдар дауыс беру күніне дейін қажетті шараларды қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға және сайлау учаскелері орналасқан объектілердің басшыларына жолданады.
Сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету – сайлауға дайындықтың басым бағыттарының бірі. Астана қаласының аумақтық және аудандық сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасай отырып, әрбір азаматтың сайлау құқығын іске асыруына қолайлы жағдай жасау жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Барлық 403 сайлау учаскесінде мониторинг жүргізу олардың дайындық деңгейін уақытылы бағалауға, қолданыстағы кедергілерді жоюға және сайлауды ашықтық, теңдік және барлық сайлаушы үшін қолжетімділік қағидаттарына сәйкес өткізуге мүмкіндік береді.