2026 жылдың алты айында Астанада интернет-алаяқтықтың 1 946 фактісі тіркелді. Оның 519 қылмыстық ісі сотқа жолданып, жәбірленушілерге 112 млн теңге қайтарылды. Бұдан бөлек, «Антифрод» жүйесі арқылы тағы 42 млн теңге бұғатталды. Қаржылық алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, қаржы пирамидаларының белгілері және алаяқтардың құрбаны болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы Астана қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
– Қазіргі таңда Астанада қаржылық алаяқтықтың қандай түрлері жиі кездеседі?
– Қазір ең көп таралған алаяқтықтың бірі – инвестиция салу деген желеумен жасалатын алаяқтық. Азаматтарға жоқ акцияларға, криптовалютаға, заңсыз биржаларға немесе аса тиімді бизнеске ақша салу ұсынылады. Алғашында олар аз ғана қаражат аударып, жеке кабинетінде жалған «табыс» көрсетілуі мүмкін. Кейін алаяқтар одан да көп қаржы салуға үгіттейді. Ал адам ақшасын қайтарып алмақ болғанда, комиссия, салық немесе сақтандыру жарнасын төлеуді талап етеді. Нәтижесінде жәбірленуші қайта-қайта ақша аударғанымен, қаражатын кері қайтара алмайды.
Сондай-ақ банк қызметкерлері, полиция немесе мемлекеттік органдардың атынан хабарласатын алаяқтар да әлі де белсенді. Олар азаматтарды «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр» немесе «ақшаңызды ұрламақшы» деп қорқытып, SMS-хабарламадағы кодтарды айтуға, өзге шотқа ақша аударуға немесе нақты несие рәсімдеуге мәжбүрлейді.
– Соңғы жылдары қаржы пирамидалары қалай өзгерді? Алаяқтар адамдарды тартудың қандай жаңа тәсілдерін қолданады?
– Бұрын қаржы пирамидасын тану оңай болатын: адамдардан ақша салып, жаңа қатысушыларды тарту талап етілетін. Қазір мұндай жобалар инвестициялық компаниялар, криптовалюта платформалары, жабық клубтар, оқыту бағдарламалары немесе онлайн-бизнес ретінде бүркемеленеді.
Олардың әдемі безендірілген сайттары, мобильді қосымшалары, әлеуметтік желілердегі парақшалары болады. Сонымен қатар сәнді өмір салтын көрсететін адамдар арқылы сенім ұялатады. Алаяқтар әлеуетті құрбандарды жарнамалар, чаттар, мессенджерлер және таныстардың ұсыныстары арқылы табады. Кейде адамға өзі сенетін танысы хабарласады. Алайда ол адамның өзі де қаржы пирамидасының мүшесі екенін білмеуі мүмкін.
Бұдан бөлек, танымал тұлғалардың жалған бейнероликтері мен фотосуреттері пайдаланылады. Соның арқасында ұсыныс сенімді көрінеді. Шын мәнінде, ол адамдардың немесе ұйымдардың мұндай жобаларға ешқандай қатысы болмайды.
– Қандай белгілер адамға бұл қаржы пирамидасы екенін бірден аңғартады?
– Ең алдымен, жоғары әрі кепілдендірілген табыс туралы уәде күмән тудыруы тиіс. Кез келген заңды инвестицияда тәуекел болады. Егер ешқандай қауіпсіз тұрақты пайда уәде етілсе, бұл – сақ болуға себеп.
Тағы бір белгі – асықтыру. Алаяқтар «ұсыныс бүгін ғана жарамды», «орын саны шектеулі», «дәл қазір шешім қабылдау керек» деп қысым көрсетеді. Мұның бәрі адамның ақпаратты тексеруге уақыт таппауына бағытталған.
Сондай-ақ компанияның табысты қалай табатынына назар аудару қажет. Егер өзін кәсіпкер немесе инвестор деп таныстырған адамдар табыстың қайдан және қалай түсетінін нақты түсіндіре алмаса, бірақ туыстарыңыз бен таныстарыңызды шақыруды талап етсе, бұл – қаржы пирамидасының басты белгілерінің бірі.
Ең маңыздысы – ұсынылған инвестицияның қалай жұмыс істейтінін толық түсінуіңіз керек. Егер сізге бәрі түсініксіз болса немесе нақты жауап ала алмасаңыз, ақша салмаңыз, жинағыңызды тәуекелге тікпеңіз және мұндай мақсатқа несие алмаңыз.
Тағы бір күмәнді белгі – қаражатты жеке банк карталарына аудару талабы, ресми құжаттардың, лицензияның және компания басшылығы туралы сенімді ақпараттың болмауы. Сондықтан интернеттен іздеп, ұсынылып отырған ұйым туралы мәліметті міндетті түрде тексеріңіз.
– Алаяқтар адамдарды ақша аударуға көндіру үшін қандай психологиялық тәсілдерді қолданады?
– Ең басты тәсіл – адамға ойлануға мүмкіндік бермеу. Олар асықтырады, өмірді тез өзгертуге мүмкіндік бар екеніне сендіреді. Себебі адам сабыр сақтаса, ақпаратты тексеріп, ақша аударудан бас тартуы мүмкін.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтықта адамдарды ақшасынан айырылатынымен, атына несие рәсімделетінімен немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымен қорқытады. Ал инвестициялық схемаларда өзгелердің табысын, қымбат дүниелерін және жалған оң пікірлерді көрсетіп, адамның тиімді мүмкіндікті жіберіп аламын деген қорқынышын пайдаланады. Алайда мұның бәрі – алдау.
– Егер адам алаяқтардың құрбаны болғанын түсінсе, алғашқы сағаттарда не істеуі керек?
– Ең алдымен алаяқтармен байланысты дереу тоқтатып, оларға бұдан былай ақша аудармауы қажет. Қосымша комиссия, салық немесе сақтандыру төлесеңіз, ақшаңызды қайтарамыз деген уәделерге сенбеңіз. Бұл – сол алаяқтық схемасының жалғасы.
Дереу банкке хабарласып, күмәнді операция туралы мәлімдеп, аударымды тоқтатуға немесе банк картасы мен шотқа қолжетімділікті бұғаттауға болатынын нақтылау қажет. Егер банк картасының деректерін, SMS-кодтарды берген болсаңыз немесе олардың айтуымен қандай да бір қосымша орнатқан болсаңыз, бұл туралы да банк қызметкеріне міндетті түрде хабарлаңыз.
Одан кейін полицияға жүгіну қажет. Хат-хабарларды, телефон нөмірлерін, дауыстық хабарламаларды, төлем түбіртектерін, сілтемелерді, банк деректемелерін және экран суреттерін сақтап қойыңыз. Хабарламаларды өшірмеңіз. Олар тергеу барысында маңызды дәлел бола алады.
Ең бастысы – полицияға неғұрлым ертерек жүгінсеңіз, қажетті шараларды да соғұрлым тез қабылдауға мүмкіндік болады.
– Қазақстандықтарға қаржылық алаяқтардың құрбаны болмау үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Қаржыға қатысты шешімді ешқашан асығыс қабылдамаңыз. Егер сізді асықтырып, әңгімені ешкімге айтпауға немесе туыстарыңызбен ақылдаспауға мәжбүрлесе, мұндай сөйлесуді бірден тоқтатыңыз.
Есіңізде болсын: банк қызметкері де, полиция қызметкері де ешқашан SMS-кодты сұрамайды, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе жинақты сақтау үшін несие рәсімдеуді талап етпейді. Мұндай «қауіпсіз шот» Қазақстанда ғана емес, әлемнің ешбір елінде жоқ.
Сақтық бәріне қажет. Алаяқтардың құрбаны тек егде жастағы адамдар ғана емес, психологиялық қысымға кез келген адам ұшырауы мүмкін.
Ең басты қағида – қаражатты кімге, қандай мақсатпен және қандай шарттармен аударып жатқаныңызға толық көз жеткізбейінше ақша жібермеңіз. Ақпаратты тексеруге уақыт бөлген әлдеқайда тиімді, өйткені жоғалған қаражатты кейін қайтару әлдеқайда қиын.