Астана мен Алматы әлемнің үздік 300 қаласының тізіміне енді

Астана мен Алматы әлемнің үздік 300 қаласының тізіміне енді
фото: Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшілігі

Қазақстанның екі ірі қаласы – Астана мен Алматы Oxford Economics ұйымының Global Cities Index 2026 рейтингінде әлемнің үздік 300 қаласының қатарына кірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшілігіне сілтеме жасап. 

Зерттеу қорытындысына сәйкес, Алматы 265-орынға тұрақтаса, Астана 281-орынды иеленді. Осы көрсеткішпен қос мегаполис рейтингтің алғашқы үштен бір бөлігіне енді.

Қазақстандық қалалар әсіресе адами капитал бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бұл санатта Алматы әлем бойынша 66-орынды, ал Астана 98-орынды иеленді.

Аталған көрсеткішті есептеу кезінде халықтың білім және біліктілік деңгейі, еңбек нарығының жағдайы, кадрлық әлеует, сондай-ақ қаланың мамандарды тарту және ұстап қалу мүмкіндігі ескеріледі.

Ал экономикалық көрсеткіш бойынша Астана 264-орынға шықса, Алматы 288-орынға орналасқан.

Global Cities Index қалаларды бес негізгі бағыт бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономика, адами капитал, өмір сүру сапасы, экологиялық жағдай және басқару жүйесі бар.