«ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» республикалық форумы өтті

«ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» республикалық форумы өтті
фото: Василий Крась

Елорданың Мемлекеттік архиві Астана күніне орай «ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» республикалық форумын өткізді. Іс-шараға Астананың қалыптасуына айрықша үлес қосқан азаматтар, қала әкімдігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, архив саласының мамандары, тарихшы және әдебиеттанушы ғалымдар, қаламгерлер қауымы, жастар ұйымдары қызметкерлері қатысты.  

Форумның басты мақсаты елорданың тарихи дамуын архив құжаттары негізінде насихаттау, тарихи жадыны сақтау, ұлттық мұраны дәріптеу және қоғамның тарихи санасын нығайту болды. Жиын елорданың өткені мен бүгінін сабақтастырып, тарихи мұраны болашақ ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды рухани алаңға айналды.

Форум аясында «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты архивтік құжаттар көрмесі мен елорда тарихына арналған кітаптар көрмесі ұсынылды. Қараөткел өңірінің тарихи маңызын баяндайтын «Қараөткел – Астананың тарихи негізі» (Есіл бойындағы ғасырлар сабақтастығы) атты деректі бейнеролик көрсетілді. Іс-шара барысында елорданың тарихи қалыптасуы, қоғамдық-әлеуметтік дамуы, рухани құндылықтары мен қазіргі келбеті әңгіме өзегіне айналды.

Жиынды ашқан Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин аталмыш басқосу елорда тарихына архив құжаттары арқылы жаңаша көз жүгірту мақсатында ұйымдастырылғанын айта келе, Астананың кешегі мен бүгінгі күнін сараптаудағы қалалық архивтің алатын үлкен орнына тоқталды.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жиналғандарды жақындап қалған Астана күнімен құттықтай келе, күні кеше ғана жаңа Конституцияның күшіне енуі ел мен елорда өміріндегі үлкен оқиға болғанын, жалпы маңызды саяси шешімдер Астанада қабылданып жатқанын атап өтті. Кешегі тарих архивте хатталса, бүгінгі тарих та содан орын алатынын айта келе, осы іс-шараның маңызына тоқталды.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Мирас Әбдірахман елорданың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық дамуымен таныстырды.

«Кеше ғана күшіне жаңа Конституцияда елорда мәртебесі ерекше орын алды. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі Астана бүкіл өңірге үлгі болып келе жатыр» дей келе, басқарма басшысы қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде осыдан үш-төрт жыл бұрын бас қалада су мен жылудан тапшылық болса, бүгіндері бұл мәселе толығымен шешілгенін, тіпті осы жағынан артық энергия өндіріліп жатқанын атап өтті. Қазір елордада 1 млн 600 мың адам тұратынын, бұған қоса, бас қала маңындағы елдімекендерден күнде халық келетінін айта келе, барлық жұмыс халық санын ескеріп, жасалып жатқанын жеткізді, алда салынатын мектептер, т.б. әлеуметтік нысандар санына тоқталды.      

Жиында Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы Фарид Галимов, мемлекет және қоғам қайраткері Светлана Жалмағамбетова, «Астана» халықаралық университетінің магистранты Әділет Тұрсынбаев сөз сөйледі.

Жиынның екінші бөлімінде әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов кешегі Ақмола мен Целиноградтың қаламгерлері туралы айтып, елорданың бүгінгі қалам иелері жайында толғанды. Белгілі қаламгер, ғалым, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Алаш және Астана» тақырыбында мазмұнды әңгіме өрбітті. Тележурналист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Құдайберген Целиноград телеарнасының тарихына тоқталып, қазір қалалық телеарна ашу керектігі жөнінде ойын жеткізді. Жиын Астана жайлы әсем әнмен көркемделді.