Астанада түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарының басшылары үшін есірткі қылмыстарының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесулер «Заң және тәртіп» қағидаты мен «Астана – есірткісіз қала» жоспары аясында Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылуда.
Шара барысында мекеме өкілдеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі және құқық қорғау органдарымен уақтылы өзара іс-қимыл жасаудың маңыздылығы түсіндіріледі.
«Қазіргі уақытта жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – азот тотығын өткізу. Оны таратудың алдын алу бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Рейд барысында ойын-сауық орындары тексеріліп, кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндіріледі. Азот тотығын белгіленген талаптарды бұза отырып өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты, оның таралуына жол бермеуге шақырамыз. Сонымен қатар, бұл затты тұтыну денсаулыққа ауыр зардаптар әкелуі мүмкін» – деді Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жандос Сейтенов.
Келушілер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ ойын-сауық орындарының аумағында есірткі заттарын тарату мен қолдану фактілеріне жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.