Астананың келбеті жылдан-жылға ажарланып, көркейіп келеді. Айналамыздағы әсем ғимараттар, заманауи тұрғын үй кешендері, мектептер, ауруханалар, сәулет нысандары – осының бәрі құрыш қолды құрылысшылар еңбегінің жемісі.
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылы бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 643,8 мың адамды құрайды, бұл ретте Астана еліміздің барлық өңірлері арасында құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша дәстүрлі түрде көш бастап тұр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,07 трлн теңгеден (өсім 15,2% - ға) асты. Жеке құрылыс ұйымдарының үлесі 91,1%, шетелдік – 8,3%, мемлекеттік – 0,6%-ды құрайды.
Соңғы үш жыл ішінде 8 млн шаршы метр тұрғын үй, түрлі әлеуметтік нысандар, ондаған мектеп бой көтерді. 2026 жылғы қаңтарда пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы ауданы 1 291,8 мың шаршы метрді құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 42,4%-ға ұлғайып, 1 091 мың шаршы метрді құрады, оның ішінде 727,6 мың шаршы метр – көппәтерлі және 359,8 мың шаршы метр – жекеменшік үйлер.
Халық санының тұрақты өсуіне байланысты елордада әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2025 жылы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл бүкіл ел бойынша салынған тұрғын үй көлемінің төрттен бірі. Ол ең алдымен, халықтың тұрақты өсуіне және сарапшылардың алдағы он жылға арналған болжамын қарастыратын Бас жоспардың басымдықтарына байланысты.
Соңғы жылдары бас қалада білім беру нысандарының құрылысы ерекше қарқын алды. Елорда әкімдігінің мәліметінше, кейінгі үш жылда 109 мың оқушы орнына арналған 44 мектеп пайдалануға берілді. Оның 23-і «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Ал өткен оқу жылында ғана 64 мың оқушы орнына арналған 25 мектеп есігін айқара ашса, биылғы жаңа оқу жылында 12 білім ошағы бой көтерді. Бұл жұмыс істеп тұрған мектептерге жүктемені айтарлықтай азайтуға және ондаған мың жаңа оқушы орындарын құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр. 2028 жылға дейін 2 перинаталды орталық, көп салалы аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ. Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін қалада 140-қа жуық жаңа мектеп қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдету және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар Астанада жүйелі түрде жалғасып келеді. Қаланың әрбір жаңа нысанында елордалық инженерлердің, сәулетшілердің, жобалаушылардың, монтажшылардың, дәнекерлеушілердің, тас қалаушылардың және мыңдаған құрылысшының маңдай тері мен қолдарының ізі сайрап жатыр. Олар елордамыздың одан әрі дамуына, оны жайлы да серпінді, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын шаһарға айналдыруға ғана емес, болашақ ұрпаққа берік әрі заманауи инфрақұрылым қалдыру жолында да тынымсыз әрі тиянақты еңбек етіп келеді.
Бүгінде құрылыс саласына цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. BIM-жобалау жүйелері, энергияны үнемдейтін құрылыс материалдары және заманауи инженерлік шешімдер құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ нысандардың тиімділігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде елорданың халықаралық стандарттарға сай дамуына және «ақылды қала» қағидаттарын табысты жүзеге асыруына берік негіз қалайды.