Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары суды үнемдеп пайдалана бастады

Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары суды үнемдеп пайдалана бастады

Республикалық маңызы бар қалаларда халық санының өсуіне қарамастан, бір адамға шаққандағы орташа су тұтыну көлемі азайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мысалы, 2024 жылы Астана тұрғыны жылына орта есеппен 70,9 текше метр су тұтынса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 67,8 текше метрге дейін төмендеді. Алматыда бір адамға шаққандағы су тұтыну көлемі жылына 73,3 текше метрден 69,1 текше метрге дейін қысқарды. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш 63,7 текше метрден 62,5 текше метрге дейін төмендеген.

Су тұтыну көлемінің азаюы су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын және азаматтардың суды үнемдеудің маңызы жайлы хабардарлығының артқанын көрсетеді. Бұған Су ресурстары және ирригация министрлігі жүргізіп жатқан кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ықпал етіп жатыр.

Қоғамда суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында министрлік тұрмыстық жағдайда суды үнемдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Осы ұсынымдар қамтылған ақпараттық материалдар 145 нысанда орналастырылды. Олардың қатарында 18 әуежай, 22 теміржол вокзалы, 20 автовокзал, 75 сауда-ойын-сауық орталығы және 10 білім беру ұйымы бар. Бұл шаралар республикалық маңызы бар үш қалада, 17 облыс орталығында және облыстық маңызы бар үш қалада жүзеге асырылды.

Сонымен қатар балалар мен жастар арасында су ресурстарына ұқыпты көзқарас қалыптастыруға бағытталған «Суды үнемде - болашақты сақта» атты ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Былтырдан бері Қазақстанның білім беру ұйымдарында Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен Парламент депутаттарының қатысуымен суды үнемдеуге арналған ашық сабақтар мен экосағаттар өткізіліп келеді. Жоба аясында мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының 3,3 миллионнан астам білім алушысы қамтылды.
 

🗣«Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады. Жыл соңына дейін бірқатар жаңа бастаманы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында педагогтерге арналған әдістемелік ресурсты әзірлеу және суды үнемдеу мәселелеріне арналған ата-аналардың республикалық форумын өткізу бар»,


- деп атап өтті Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.