«Ассамблея жастары» ұйымының белсенділеріне ҚР Конституциясының арнайы басылымдары табысталды

«Ассамблея жастары» ұйымының белсенділеріне ҚР Конституциясының арнайы басылымдары табысталды
фото: Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының алаңында Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне ену күніне орай «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының өкілдеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Конституцияның мемлекеттің Ата Заңы ретіндегі айрықша рөлін атап өтіп, оның адам құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттің іргелі құндылықтарын, құқық үстемдігі мен конституциялық заңдылық қағидаттарын айқындайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Конституциялық Соттың Төрағасы жастардың конституциялық мәдениетті нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және конституциялық құндылықтарға құрмет көрсетуге белсенді атсалысуының маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ел игілігі жолындағы қоғамдық қызметтеріне табыс тіледі.

Салтанатты рәсім аясында Эльвира Азимова Мемлекет басшысының атынан «Ассамблея жастары» жастар ұйымының жетекшілері мен белсенділеріне арналған Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымдарын табыстады.

Марапатталғандардың қатарында ұйымның өңірлік өкілдіктерінің басшылары, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының жетекшілері, еріктілер мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділері болды.

«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев Конституциялық Сотқа көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғыс білдіріп, жаңа Конституцияның жас ұрпақ үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Халық Конституциясы жастарға зор мүмкіндіктер ашып, білім, ғылым және инновация құндылықтарын жоғары деңгейде бекітеді, еріктілердің мәртебесін едәуір арттырып, азаматтардың экологиялық бастамаларын қолдайды. Сондықтан жастардың жаңа Ата Заңды ілгерілетуге қатысуы – жас қазақстандықтардың жасампаз отансүйгіштігі мен белсенді азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Конституция, ең алдымен, қазіргі жастар мен келер ұрпаққа бағытталған, өйткені еліміздің басты құжаты қоғамымыздың табысты әрі орнықты болашағының берік негізін қалайды.