Арманға толы жасампаз қала

Арманға толы жасампаз қала

Елордадағы Президенттік орталықта «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында «Василий Тоскин: арманға толы жасампаз қала» атты архив-көрнекілік көрмесі өтіп жатыр.

Экспозиция Қазақстан Респуб­ликасының Құрметті сәулетшісі, Мәскеудегі Халықаралық сәулет академиясының академигі Василий Тоскиннің шығармашылық мұрасына арналған. Оның кәсіби қызметі Астананың қалыптасуымен, даму тарихымен тығыз байланысты.

«Бұл көрме – елордамыздың сәулет келбетін қалыптастыруға өз талантымен, кәсіби шеберлігімен және адал еңбегімен үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі. Василий Тоскиннің шығармашылық мұрасы Целиноградтан Ақмолаға, одан бүгінгі Астанаға дейінгі қаланың даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Экспозицияда ұсынылған архив фотосуреттері, авторлық жобалар, сызбалар мен эскиздер тәуелсіз Қазақстанның сәулет шежіресіне айналған идеялардың қалай дүниеге келгенін айқын көрсетеді» дейді Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат.

Василий Тоскин әр жылдары Целиноград қаласының бас сәулетшісі, Целиноград облыстық атқару комитетінің құрылыс және сәулет істері бөлімінің меңгерушісі, Ақмола облысы әкімдігінің құрылыс және сәулет істері басқармасының басшысы (облыстың бас сәулетшісі), Астана қаласы сәулет және қала құрылысы департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Қазақстан Сәулетшілер одағы Целиноград қалалық ұйымы басқармасының төрағасы, Қазақстан Сәулетшілер одағы басқармасының және КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының мүшесі болды.

«Қазақстанның сәулет қауымдасты­ғы үшін Василий Филиппович Тоскин – жай ғана көрнекті сәулетші емес, отандық қала құрылысы тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Мен оны жарты ғасырдан астам уақыт бойы дарынды сәулетші, өз ісіне адал, кәсіби ұстанымы берік әріптес әрі сенімді дос ретінде білемін. Оның шығармашылық мұрасы аса ауқымды әрі сан қырлы: қалалардың бас жоспарлары, елорданың сәулет келбетін айқындаған маңызды нысандар, интерьер шешімдері, графика туындылары мен көркем фотосуреттер. Василий Филипповичтің әрбір еңбегінен жоғары кәсіби шеберлік, сәулеттік ойлау мәдениеті, талғампаздық пен әрбір бөлшекке деген ерекше жауапкершілік айқын аңғарылады. Осындай тұлғалардың шығармашылық жолы жас сәулетшілер үшін кәсіби шеберліктің, адал еңбектің және ұлттық сәулет өнеріне қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді» дейді Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы Серік Рүстембеков.

Василий Тоскин – елордадағы бірқатар сәулет нысанының авторы. Олардың қатарында Пионерлер сарайы, «Турист» қонақ үйі, Жастар сарайы және «Астана» концерт залы бар. Оның өмір жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – елорданы Ақмолаға көшіру жұмысына қатысуы. Ол астананы көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында болып, қаланың бас жоспарын әзірлеуге, тарихи орталықты қайта жаңғыртуға және жаңа әкімшілік орталықты қалыптастыруға атсалысты.

Әр жылдары республикалық сәулет жобалары байқауында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі (1984), Целиноград қаласындағы «Заречный» тұрғын үй кешені (1986), Салтанат сарайы (1987) және «Турист» қонақ үйі (1984) үздік сәулет жобалары ретінде танылды.

Көрме авторы Василий Тоскин Қазақстан астанасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосуын өз өміріндегі ең үлкен кәсіби бақтың біріне балайды. Оның айтуынша, әр сәулетшіге ауқымды қала құрылысы жобаларын әзірлеп қана қоймай, өмірде жүзеге асқанын көру бақыты бұйыра бермейді.

«Мен өзімді бақытты адам санаймын. Тағдыр маған жаңа елорданың қалыптасуына атсалысып, тамаша әріптестермен және пікірлес жандармен бірге еңбек етуге, уақыт сынынан өткен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік сыйлады. Сәулетші үшін өз идеяларының нақты көрініске айналып, қаламен бірге өсіп-өркендеп келе жатқанын көруден асқан шығармашылық бақыт жоқ» дейді Василий Тоскин.

 

Василий Филиппович ел астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында болып, қа­ланың бас жоспарын әзірлеуге, тарихи орталықты қайта жаңғыртуға және жаңа әкімшілік орталықты қалып­тастыруға белсене қатысты. Қаланың қалай өзгергені, қандай шешімдердің қабылданғаны, қандай кәсіби пікірталастар жүргені – осының барлығы оның қызметімен тығыз байланысты. Ол елордалық инфрақұрылымды көшіруге, қаланың бас жоспарын әзірлеуге және жаңа қала орталығын қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

Көрмеде сәулетшінің жеке қоры­нан алынған 200-ге жуық архив мате­риалы қойылған. Олардың қатарында авторлық эскиздер, фотосуреттер, жобалық құжаттама және Қазақстанның қазіргі астанасының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін айғақтайтын тарихи құжаттар бар.

Көрме келушілер үшін 2026 жылдың қыркүйек айының ортасына дейін жұмыс істейді.