Ардагерлер Астана күніне арналған кездесу өткізді

Ардагерлер Астана күніне арналған кездесу өткізді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері бас қосып, елорданың қалыптасу тарихын еске алды. Кездесуде кезінде қаланың дамуына еңбек сіңірген ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі Астананың жетістіктері мен болашағы туралы пікір алмасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиын барысында қатысушылар елорданың тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде қалыптасу жолын әңгімелеп, жастарға отансүйгіштік тәрбие берудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ елорданың әр кезеңдегі өзгерістері мен тарихи шешімдер туралы естеліктер айтылды. Кездесуге елордада дүниеге келіп, еңбек жолының елеулі бөлігін қала әкімдігінде өткізген Тихонюк Николай Петрович те қатысты. Ол өз өмір жолының Астанамен біте қайнасқанын айтып, елорданың қалыптасу кезеңіндегі тарихи сәттерді еске алды.

«Менің бүкіл өмірім осы қаламен байланысты. Осы жерде дүниеге келіп, осы қалада өстім. Қала ол кезде шағын еді, негізінен бір қабатты үйлер ғана болатын. Кейін жаңа астананы көшіру жөніндегі комиссияның құрамында жұмыс істеп, бірнеше ұсыныстың ішінен Есілдің сол жағалауын дамыту туралы тарихи шешімнің қабылдануына қатыстым. Бүгінгі Астананың осындай сәулетті, заманауи мегаполиске айналғанын көру – мен үшін үлкен мақтаныш», – деді Николай Тихонюк.

Ардагерлер ұйымының мүшесі Роза Асылбекова мұндай кездесулердің мәні ерекше екенін жеткізді.

-Біздің бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері кезінде әкімдік жүйесінде еңбек еткен азаматтар. Қазір бәріміз зейнеткерміз. Сондықтан жыл сайын Астана күні қарсаңында бас қосып, өткенді еске аламыз, қаланың қалай қалыптасқанын, қалай көркейгенін әңгімелейміз. Осындай сәулетті елорданың бой көтеруіне аз да болса үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Осындай кездесуді ұйымдастырып, бізге құрмет көрсеткен қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Ардагерлер елорданың аз уақыт ішінде әлем таныған заманауи мегаполиске айналғанын атап өтіп, Астананың алдағы уақытта да қарқынды дамып, халқымыздың әл-ауқаты арта беруіне тілектестік білдірді. Жиын соңында қатысушылар барша астаналықтарды Астана күнімен құттықтап, ел бірлігі мен тыныштығын, елорданың өсіп-өркендеуін тіледі. Сондай-ақ ұйымның жұмысына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Астана қаласының әкімдігі мен қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді.