Ақ батаны ардақтаған кітап

Ақ батаны ардақтаған кітап
фото: Қалиақбар Үсемханұлы

Қазақстан Республикасының академиялық кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында тағылымды басқосу өтті. Жиын барысында қаламгер, қарт педагог Парменбек Жұмабайұлының «Ақ батаммен Алашқа дәт, ата тарихымнан бауырға хат» және «Ауыз-енші, Ақыл-Сауға» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысып, жаңа еңбектердің мазмұны мен тағылымдық мәніне тоқталды. Автор шығармаларындағы ұлттық құндылықтар, ата дәстүр мен тарихи жады мәселелері сөз болды.

Іс-шара барысында кітаптың ұлттың тарихи жадын сақтаудағы, жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырудағы маңызы атап өтілді. «Астанада өткен батагөйлер байқауында жүлде алған Пәрменбек Жұмабайұлының бүгін тұсауы кесілген екі кітапбының да жас ұрпақтар үшін тәрбиелік маңызы зор. Әсіресе, автордың 70-тен астам батасы топтастырылған «Ақ батаммен Алашқа дәт, ата тарихымнан бауырға хат» еңбегі ауыз әдебиетімізге қосылған қымбатты қазына» деді белгілі зерттеуші, қаламгер Марат Қинаятұлы.  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қауымдастық атынан авторға сый көрсетіліп, кеудесіне медал тақты.