Ана сүтінен артығы жоқ

Ана сүтінен артығы жоқ
фото: Сұлтан Сейітов

Астанадағы №6 қалалық емханада Дүниежүзілік ана сүтімен емізу апталығы аясында жүкті әйелдерге арналған ақпараттық-білім беру кездесуі өтті. Іс-шара барысында қатысушы әйелдерге баланы ана сүтімен емізудің артықшылықтары, сол бойынша заманауи ұсыныстар айтылып, баланы ана сүтімен тамақтандыру үшін оны дұрыс ұстау туралы кеңес берілді, сондай-ақ болашақ аналар маңызды сұрақтарына жауап алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның негізгі қонағы - Бастапқы медициналық-санитариялық көмекті нығайту және бала кездегі ауруларды интеграцияланған басқару жөніндегі үйлестіруші Татьяна Витальева қатысушыларға тақырып аясында дәріс өткізді. Сондай-ақ емхананың дәрігер-педиатрлары да ана сүтінің баланың дені сау, психологиялық жағынан мықты болып өсуі үшін аса маңыздылығын еске салды.

-Ана сүтімен емізу - нәрестені табиғи түрде тамақтандыру. Емшек сүті нәресте үшін ең жақсы тағам, өйткені оның құрамы баланың қажеттіліктеріне сәйкес теңдестірілген. Бала емшек сүтінен ағзасы үшін құрылыс материалы іспетті болатын ақуызды, қуат көзі ретінде майлар мен көмірсуларды және басқа да дәрумендер мен микроэлементтерді алады. Ана сүті нәрестенің тағам ретіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, баланың танымдық дамуына ықпал етеді, оның иммунитетін нығайтады, ішектің сау микрофлорасын қалыптастырады, аллергиялық аурулар мен ішек инфекциясының даму қаупін азайтады. Бұлай емізу болашақта емізетін әйелдердің сүт безі мен аналық без қатерлі ісігінің асқынуына жол бермейді. Анада босанғаннан кейінгі депрессияның күшею қаупін азайтады. Емшекпен емізу ана мен бала арасындағы сенімді байланыстың дамуына ықпал етеді, бұл баланың болашағына оң әсер береді. Жаңа туған аналарға емшек сүтінің құндылығы мен бірегейлігі туралы ақпарат бере отырып біз олардың дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік береміз, - деді Татьяна Витальева.

      

   Кездесу барысында әйелдерге нәресте туылғаннан кейін ана сүтімен емізуді бастауға көмектесетін кеңестер мен практикалық ұсыныстар берілді. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар болашақ ата-аналардың білімін арттыруға және ана мен баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Райхан Рахметова