Алмас Мұхаметов: Елге деген құрмет мінбердегі үлкен сөзден ғана емес, күнделікті ісіңнен де көрінеді

Алмас Мұхаметов: Елге деген құрмет мінбердегі үлкен сөзден ғана емес, күнделікті ісіңнен де көрінеді
фото: жеке мұрағатынан

Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасы туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

       -Кейде елге деген көзқарасымыз үлкен сөздерден емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден көрінеді. Адам өз үйін таза ұстайды, себебі ол – өзінің үйі. Бірақ есіктен шыққаннан кейінгі аула, көше, саябақ, табиғат та бізге бөтен емес. Ол да біздің ортақ кеңістігіміз, ортақ үйіміз.

Меніңше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасының терең мағынасы да осында. Бұл тек сенбілік өткізіп, қоқыс жинау немесе ағаш отырғызу емес. Бұл – адамның өз еліне, өз жеріне деген көзқарасын өзгерту. Тазалықты біреуден күтпей, жауапкершілікті өзіңнен бастау.

Біз көп жағдайда мемлекеттен тәртіп күтеміз, әкімдіктен тазалық талап етеміз, қоғамнан мәдениет іздейміз. Бұл талаптар дұрыс. Бірақ сол мемлекетті де, сол қоғамды да құрайтын – өзіміз. Егер адам өз ауласына бөтеннің ауласындай қараса, көшеге қоқыс тастап тұрып қаласының тазалығын талап етсе, қоғамдық мүлікті өз мүлкіндей көрмесе, тек мемлекеттік бағдарламамен сана мен мәдениетті өзгерту қиын.

Бүгін Ұлттық құрылтай мүшелерімен бірге «Таза Қазақстан» акциясына қатыстық. Мен үшін бұл – Мемлекет басшысының бастамасын сөзбен ғана емес, нақты іспен қолдау. Бір күндік сенбілік барлық мәселені шешпейді, бір отырғызылған ағаш та елді бір күнде өзгертіп жібермейді. Бірақ осындай қарапайым әрекеттер адамның ойлауын өзгертеді. Ал адамның ойлауы өзгерген жерде қоғам да өзгере бастайды.

Түптеп келгенде, мәселе қоқыста ғана емес. Мәселе, жауапкершілікте. Өз үйіңе қалай қарасаң, өз аулаңа да, көшеңе де, қалаңа да, табиғатыңа да солай қарау. Себебі елге деген құрмет мінбердегі үлкен сөзден ғана емес, күнделікті ісіңнен де көрінеді.

«Таза Қазақстан» мен үшін тазалық туралы ғана бастама емес. Бұл – өз жеріңе ие болу, ортақ дүниеге жанашырлықпен қарау, кейінгі ұрпаққа қандай ел қалдыратынымыз туралы ой.

Таза ел біреуден басталмайды. Өзімізден басталады, - дейді депутат.