«Әлеуметтік кәсіпкерлік – 2027» семинары өтті

«Әлеуметтік кәсіпкерлік – 2027» семинары өтті
фото: Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы

Астанада әлеуметтік бизнесті дамыту, мемлекеттік және қаржылық қолдау шаралары, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер тақырыбына арналған «Әлеуметтік кәсіпкерлік – 2027» семинары өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енген кәсіпкерлерге, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін алуды жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге арналды. Семинар аясында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Астана қаласының Мансап орталығының, KMF Банкінің және TABYS қауымдастығының өкілдеріне тікелей қоя алды.

Семинар барысында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы шараларына, жұмыс орындарын субсидиялауға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар зияткерлік меншік, технологиялар мен инновацияларды енгізу, әлеуметтік бизнесті дамытуға арналған халықаралық мүмкіндіктер мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек Әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі салааралық кеңес құру мәселесі талқыланды. Ал KMF Банкінің өкілдері арнайы «3-в-1» шешімін таныстырды.

Семинар әлеуметтік кәсіпкерлердің өз қызметінде кездесетін практикалық мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерімен тікелей диалог орнатуға арналған ашық алаң болды.