Әлемді әбігерге салған аптап

Әлемді әбігерге салған аптап

Биылғы шілде әлемнің көптеген елін бұрын-соңды болмаған аптап ыстықпен әбігерге салды. «Қазгидромет» мекемесінің деректеріне сәйкес, Астанада 2026 жылдың 14 шілде күні ауа температурасының жаңа рекорды тіркелді. Ауаның ең жоғары температурасы +38,6°C-қа жетіп, 1992 жылы тіркелген +35,3°C көрсеткіштен 3,3 градусқа жоғары болды. Төтенше жағдайлар қыз­меті мен денсаулық сақтау мекемелері болса аптап ыстықтан сақтануға байланыс­ты түрлі кеңес беруде.

Биылғы шілде әлемнің көптеген елін бұрын-соңды болмаған аптап ыстықпен әбігерге салды. Еуропада ауа температурасы тарихи межеден асса, АҚШ пен Азияның бірқатар өңірінде тұрғындарға шұғыл ескерту жарияланды. Кей мемлекеттерде орман өрті өршіп, электр энергиясы мен ауыз суға түсетін жүктеме артты.

Ғалымдардың айтуынша, климаттың өзгеруі салдарынан экстремалды ыстық толқындар енді сирек кездесетін құбылыс емес, керісінше, жиілей түсетін табиғи қауіпке айналып келеді. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалып отыр­ған жоқ. Синоптиктер елдің бірқатар өңірінде жоғары температураның сақталатынын, ал құрғақшылық пен өрт қаупі күшейетінін ескертіп отыр. Соңғы апталарда АҚШ-тың орталық және шығыс бөлігінде ауа температурасы кей жерлерде +46 градусқа дейін көтерілді. Қауіпті ыстыққа байланысты миллиондаған тұрғынға ескерту жарияланып, электр желілеріне түсетін жүктеме айтарлықтай артты. Кейбір штаттарда электр энергиясын тұтынуға уақытша шектеу енгізілді. Еуропадағы жағдай да мәз емес. Францияда кейінгі ондаған жылдағы ең күшті аптап тіркеліп, бірқатар департаментте ең жоғары – қызыл деңгейдегі метеорология қаупі жарияланды. Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градустан асып, орман өрті жиілеген. Туристер көп баратын нысандардың жұмыс кестесіне де өзгеріс енгізіліп, адамдардың күннің ең ыстық уақытында сыртта жүруін шектеуге бағытталған шаралар қолға алынды. Германияда да рекордтық ыстық тіркелді. Елдің Роберт Кох институтының алдын ала бағалауынша, маусым айының соңына дейін аптап ыстыққа байланысты шамамен мыңдаған адам қайтыс болды. Олардың басым бөлігі – 75 жастан асқандар. Ал Үндістанның кей өңірлерінде ауа температурасы +50 градусқа дейін көтеріліп, дәрігерлер тұрғындарды күннің ыстық уақытында үйден шықпауға шақыруда. Әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше сақ болуды қайта-қайта ескертуде.

Қазақстандағы ыстық рекорд

Климаттағы өзгерістің әсері Қазақстанда да айқын сезілді. Маусым айының соңында Астанада соңғы 85 жылда болмаған аптап ыстық тіркелді. «Қазгидрометтің» мәліметінше, 23 маусым күні елордада ауа температурасы +36,8 градусқа дейін көтеріліп, 1941 жылы тіркелген рекорд жаңарды. Синоптиктердің айтуынша, мұндай ыстыққа Иран аумағынан келген құрғақ әрі ыстық ауа массалары себеп. Шілде айында шіліңгірлене түскен аптап 14 шілдеде де еліміздің бірқатар өңірінде сақталды: Астанада ауа температурасы +37, Алматыда +32, Қызылордада +39, Таразда +36, Шымкентте +39, ал Түркістанда +41 градусқа дейін жетті. Мамандардың болжамынша, жекелеген өңірлерде ауа температурасы +46 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Соған қарамастан, синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша 16 шілдеден бастап еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде аптап ыстық біртіндеп бәсеңдеп, ауа температурасы төмендей бастайды деп отыр.

Құрғақшылық пен өрт қатар күшеймек

«Қазгидрометтің» шілде айына жасаған болжамына сәйкес, жауын-шашынның аз болуы мен жоғары температураның әсерінен еліміздің көптеген бөлігінде құрғақшылық қаупі сақталмақ. Әсіресе Қызылорда, Түркістан, Жетісу, Абай, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі жарияланған. Сонымен қатар Ақмола, Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан және өзге де өңірлердің жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Мамандар мұндай жағдайда табиғат аясында от жағудан, темекі тұқылын тастаудан және өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеуден сақ болуға шақырады. Себебі құрғақ өсімдік жамылғысы мен күшті жел өрттің тез таралуына себеп болады.

Аптаптың қаупі кімдерге?

Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық ең алдымен балаларға, қарттарға, жүкті әйелдерге, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі және бүйрек ауруларына шалдыққан адамдарға қауіп төндіреді. Сонымен қатар ашық аспан астында еңбек ететін азаматтар да қауіп тобына жатады. Жоғары температура кезінде ағзадағы сұйықтық тез азайып, қан қоюланып, жүрекке түсетін салмақ артады. Бұл күн өтудің, қан қысымы көтерілуінің немесе төмендеуінің, инфаркт пен инсульт қаупінің ұлғаюына әсер етеді. Сондықтан дәрігерлер ыстықта ішпек-жемекке де аса назар аудару қажет дейді.

– Ағзаның сусыздануының алдын алу үшін жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішіңіз. Күніне шамамен 2 литр су ішу жеткілікті. Кофеин қосылған сусындардан (кофе, энергетика сусындары және т. б.) бас тартқан жөн, өйткені олар жүрекке қосымша салмақ түсіреді. Ең тиімдісі – минералды су ішу. Ол шөлді басып қана қоймай, ағзадағы су-тұз теңгерімін сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ майлы ет, ет өнімдері, кондитер өнімдері мен саңырауқұлақтарды азайтып, құрамында суы көп көкөністер мен жемістерді (қызанақ, қияр, қарбыз) көбірек тұтыныңыз. Ыстық тағамдардың орнына салқын тағамдарды, мысалы, қызылша көжесі немесе окрошка секілді тағамдарды таңдаған дұрыс. Артық тамақтанбаңыз. Су процедураларын жиі қабылдаңыз. Салқын душ қабылдау немесе денені салқын сумен сүрту ағзаны сергітеді. Сондай-ақ түймедақ, сүйелшөп немесе итошаған тұнбасы қосылған ванналар теріні залалсыздандыруға көмектеседі. Ашық су айдындарында шомылған кезде күннің ең ыстық уақытында суға түспеген жөн, өйткені күн өту қаупі жоғары, – дейді №11 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімшесінің меңгерушісі Ләззат Жүнісова.

Бұдан бөлек, мамандар күннің ең ыстық мезгілінде, яғни сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін, мүмкіндігінше сыртқа шықпау­ды еске салады.

Климаттың өзгеруі астананы да айналып өтпеді

Сарапшылар соңғы жылдары байқалып отырған температурадағы рекордтар кездейсоқ құбылыс емес екенін айтады. Жаһандық климаттың өзгеруі аптап ыстықтың жиілеуіне, құрғақшылықтың күшеюіне және табиғи апаттардың көбеюіне ықпал етіп отыр. Қазақстан үшін де бұл мәселе тек ауа райының қолайсыздығымен шектелмейді. Су ресурстарының азаюы, орман және дала өртінің жиілеуі, ауыл шаруашылығына келетін шығын мен халық денсаулығына төнетін қауіп алдағы жылдары маңызды мәселелердің біріне айналуы мүмкін.

– Бала кезімізде Астананың жа­зы мүлдем басқаша еді. Бұрын мұнда шіліңгір ыстық ұзаққа созылмайтын. Жаздың дәл ортасында да қоңыр самал есіп, бір ысып, бір жаңбыр жауып, артынша қайта салқындап кететін. Ауа райы құбылмалы болғанымен, адамға жайлы еді. Қазір климаттың өзгеруі ме, әлде табиғаттың өз заңдылығы ма, бұрынғыдай емес. Бір ысыса, бірнеше күн емес, апталап басылмайды. Кейде күннің ыстығы кешке дейін қайтпайды. Мұндай аптапты бұрын көрген емеспіз, – дейді елорда тұрғыны Айтбай Жүніс.

Қазақы болжам қалт кетпес

Қазақ халқы табиғаттың әр құбылысын жіті бақылап, соған қарап алдағы маусымның қалай боларын болжаған. «Жаз ыстық болса, қыс қатты болады», «Шілде күйдірсе, қаңтар сүйдірмейді», «Жаздың аптабы – қыстың хабары» деген халық арасында кең тараған болжамдар содан қалған. Әрине, бұл – ғылыми қағида емес, бірақ ғасырлар бойы табиғатпен етене өмір сүрген көшпелі жұрттың тәжірибесінен туған пайымдар. Этнографтардың айтуынша, қазақ үшін табиғат – тіршіліктің өлшемі. Мал баққан ел жаздағы шөптің шығымына, желдің бағытына, жауын-шашынның мөлшеріне, құстардың қимылына қарап алдағы қысқа қамданған. Егер жаз ерекше ыстық әрі құр­ғақ болса, қыстың қытымыр болатынын болжап, шөпті көбірек дайындап, азық қорын молайтқан. Сол себепті үлкендер «Қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтпаған.

Қазір ғылым климаттың жаһандық өзгеруі салдарынан экстремалды ыстық жиілеп жатқанын дәлелдеп отыр. Дегенмен халықтың көнеден жеткен табиғатқа қатысты байқауы бүгінмен үндесіп жатқандай. Қалай болғанда да, ұзаққа созылған аптап ыстықтың адам денсаулығына, ауыл шаруа­шылығына, мал мен егінге, тіпті күнделікті тұрмысқа да айтарлықтай салмақ түсіретіні анық. Сондықтан табиғаттың тосын мінезіне бейімделіп, қауіпсіздік шараларын сақтап, әр маусымға алдын ала дайындалу бүгінде бұрынғыдан да маңызды болып отыр.