Биыл Қазақстанда әкімшілік әділеттің енгізілгеніне бес жыл толды. Осы уақыт ішінде жаңа сот төрелігі жүйесі азаматтар мен бизнестің мемлекеттік органдармен қарым-қатынасында құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Бұл туралы Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Бақытбек Даутов, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Айым Шаяхметова айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Астана қаласының коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Спикерлердің сөзінше, әкімшілік әділеттің құрылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы саяси және құқықтық реформалардың маңызды бөлігі болды. Реформаның басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы даулардың әділ қаралуын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың қабылдайтын шешімдері үшін жауапкершілігін арттыру.
Азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа философиясы
Әкімшілік әділет саласындағы реформа 2021 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енгеннен кейін басталды.
Құжат жария-құқықтық дауларды қарау тәсілін түбегейлі өзгертті. Бұрын азамат мемлекеттік орган әрекетінің заңсыз екенін өзі дәлелдеуге мәжбүр болса, енді қабылданған шешімнің заңдылығын дәлелдеу міндеті мемлекеттік органның өзіне жүктеледі.
Сонымен қатар сотқа істің мән-жайларын жан-жақты зерттеу және ақиқатты анықтау бойынша кеңейтілген өкілеттіктер берілді. Мұндай тәсіл тараптардың нақты теңдігін қамтамасыз етіп, сот арқылы құқықтарды қорғаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әкімшілік әділетті дамытудың келесі кезеңі 2025 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған заңмен байланысты болды. Заң әкімшілік рәсімдерді одан әрі жетілдіруге және азаматтардың сот арқылы қорғану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Енді азаматтар өз құқықтарын бұзады және заңға қайшы келеді деп есептеген жағдайда, мемлекеттік органдардың шешімдерімен қатар, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге де сот тәртібімен дау айта алады.
Бес жыл ішінде 24 мыңнан астам талап-арыз түскен
Статистика әкімшілік сот ісін жүргізудің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
2021-2026 жылдар аралығында Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 24 007 әкімшілік талап-арыз бен өтініш келіп түскен. Олардың ішінде:
- шешім шығарумен қаралғаны - 7 004 іс;
- қанағаттандырылғаны - 3 563 іс;
- талаптарды қанағаттандырудан бас тартылғаны - 3 441 іс;
- медиация тәртібімен реттелгені - 3 463 іс;
- жалпы аяқталған өндірістер саны - 21 327 іс.
Жалпы алғанда, елордадағы әкімшілік істер бойынша қабылданған шешімдердің 56 пайыздан астамы азаматтар мен бизнес өкілдерінің пайдасына шығарылған. Бұл көрсеткіштер әкімшілік әділет бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің пәрменді тетігіне айналғанын көрсетеді.
Дауды шешудің тиімді жолы - татуласу
Әкімшілік әділеттің маңызды жетістіктерінің бірі татуластыру рәсімдерінің белсенді дамуы болды.
Соңғы бес жылда Астана қаласында 3,5 мыңнан астам әкімшілік дау медиациялық келісімдер мен тараптарды татуластырудың өзге де тәсілдері арқылы шешімін тапты.
Мұндай тәсіл азаматтар мен мемлекеттік органдарға ұзаққа созылатын сот талқылауынсыз өзара қолайлы шешімге келуге мүмкіндік береді, әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, сот жүйесіне деген сенімді арттырады.
Сотқа құрметсіздік танытқаны үшін жауапкершілік
Сот процесіне қатысушылардың тәртібін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік соттар процестік ықпал ету шараларын белсенді түрде қолданады. Соңғы бес жылда Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты процестік міндеттерін бұзғаны және сот талаптарын орындамағаны үшін 995 лауазымды тұлғаға ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды.
Мәселен, мемлекеттік органның өкілі онлайн сот отырысына автокөлік тізгіндеп отырып қатысып, соттың талаптарын елемегені үшін оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды. Тағы бір жағдайда сот отырысының тәртібін жүйелі түрде бұзған заң консультанты жауапкершілікке тартылды. Апелляциялық саты бұл өндіріп алу шарасын өзгеріссіз қалдырды.
Сот тәжірибесі: азаматтардың құқықтарын қорғау
Сот қараған маңызды істердің бірі - II топтағы мүгедектігі бар әйелдің тұрғын үй кезегіне қою құқығын қалпына келтіру ісі болды. Сот мемлекеттік органның бас тартуын заңсыз деп таныды, өйткені талапкерге тиесілі тұрғын үйдің 1/24 үлесі оның тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін білдірмейтіні анықталды.
Тағы бір маңызды іс – ардагер спортшыға «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын беруден бас тартуға қатысты қаралды. Сот әкімшілік рәсімдердің бұзылғанын анықтап, бас тартуды заңсыз деп таныды.
Сондай-ақ сот бұрынғы әскери қызметшінің еңбек өтілі бойынша зейнетақы алу құқығын қорғады. Апелляциялық сот егер азаматтың қажетті еңбек өтілі болса, әскери атағының болмауы немесе одан айырылуы зейнетақы алу құқығына әсер етпейтінін растады.
Әкімшілік әділет – әділдіктің құралы
Бес жыл ішінде әкімшілік әділет азаматтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғаудың тиімді тетігі екенін дәлелдеді. Ол мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға, заңдылық қағидаттарын нығайтуға және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге ықпал етеді.
Бүгінде әкімшілік әділет құқықтық мемлекеттің маңызды институттарының бірі ретінде мемлекеттік органдар қызметіне тиімді сот бақылауын және адам құқықтарының нақты қорғалуын қамтамасыз етуде.