Бішкектегі А. Османов атындағы Ұлттық кітапхананың Шыңғыс Айтматов залында қырғыз жазушысы Айдарбек Сарманбетовтің балаларға арналған «Адам болам» атты кітабының қазақ тіліндегі аудармасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Шараға Түрксой ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, қырғыз әдебиетінің көрнекті өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысты.
Қазақ тіліне тәржімаланған «Адам болам» кітабын журналист, аудармашы Гүлжаз Қарыбек аударды. Балаларға арналған бұл еңбек қазақ және қырғыз халықтарының әдеби-мәдени байланысын нығайтуға бағытталған жобалардың бірі саналады.
Шара барысында Айдарбек Сарманбетов сөз сөйлеп, аударма ісінің маңызына тоқталды. Сондай-ақ аудармашыларға ақ тілегін білдіріп, ақ батасын берді.
Автор туралы
Айдарбек Сарманбетов – қырғыз жазушысы, аудармашы, драматург және журналист. Ол 1953 жылы Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы, Қараой ауылында дүниеге келген.
Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, қырықтан астам кітаптың авторы. Қырғызстан Ұлттық Жазушылар және Журналистер одақтарының, Еуразия халықаралық жазушылар бірлестігінің (Түркия) мүшесі.
Махмұд Қашғари атындағы ТҮРКСОЙ сыйлығының, «Бейбітшілік елшісі» (АҚШ–Германия), «Даңқ тәжі» (Германия), Н. Гоголь атындағы халықаралық сыйлықтың (Украина), «Қазақстан–Қырғызстан мәңгілік достығы» және басқа да халықаралық марапаттардың лауреаты.
«Капсалаң дәуір. Қарға аға», «Қызыр дарыған Қыдыр аға», «Қайып қарт» романдарының, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған көптеген көркем шығармалардың авторы.
Жазушының кітаптары Қытай, Түркия, Германия, Ресей, Гагаузия және Украинада жарық көрген. Оның шығармалары жиырмадан астам елде жарияланып, өзі де әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын қырғыз тіліне аударған.
Айдарбек Сарманбетов қазақ әдебиетін насихаттауға да зор үлес қосып келеді. Ол Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» мен поэмаларын, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегін, сондай-ақ Мұхтар Мағауин, Рахымжан Отарбаев, Тұрсынхан Кеңесбай, Нұрлан Саматұлы, Ербол Бейілхан және басқа да қазақ қаламгерлерінің шығармаларын қырғыз тіліне аударған. Осы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Айдарбек Сарманбетов балалар әдебиетінің дамуына да елеулі үлес қосқан қаламгер. Оның балаларға арналған кітаптары бірнеше тілге аударылып, жас оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген.