Абайдың даналық ойлары және адамзаттық құндылықтар

Абайдың даналық ойлары және адамзаттық құндылықтар

Абай – дара рух иесі. Дүниенің сырларын, жаратылыстың хикметтерін сезіп, ақиқат шындығы мен күнделікті өмір таразысын айқындай алған жан. Адамзат үшін сарқылмас адамгершілік ілімінің көзін ашқан Абай еңбектері абсолюттік мораль теориясы болып табылады. Абай шығармаларының негізгі өзегі – әділдік, ақиқат ғұмыр, адамдық. Ол сол үшін де өміршең.

Ұлылықтың асқар шыңына шығып, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған «көкірегі сезімді, тілі орамды» ерен ұрпағына арналған Абай Құнанбайұлы сөзі қашан да өрелі, ғасырлар дамуының қай көшінде болмасын өзекті болар хақ. Ақын өлеңдері мен қарасөздеріндегі даналық ойлар, тағылымы мол ғибратты сөздер саналы ұрпақ сабақтастығы жалғасқан дәуірлерде маңызын еш жоймақ емес.  

Адамзаттың барлығын «бауырым» деп сүй деген Абай өзінің гуманистік, даналық тағылымы арқылы әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарынан табыла отырып, адам бойындағы кереғарлықтарды жою мақсатында ұлағатты терең ойларын қалдырып кетті.

Адамзат ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың әдеби мұрасында жатыр. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абай әлемі – тұтас бір дәуірді қамтитын рухани мұра. Адамзаттың ғасырлар көшіндегі жеткен жетістігі мен жіберген кемшілігіне Абай айтып кеткен таным деңгейімен мән бере қарау, ұлы ақын сөздерінен ұлағат алу бүгінгі күннің басты ұстанымы болуы шарт.  Жас ұрпақ бойына адамгершілік мінез-құлқын, жалпы адамзаттық құндылық қасиеттерін қалыптастыруда негізгі бағдаршам – Хакім сөздері екендігі ақиқат.

Абай бірінші қарасөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – деп, адамзат үшін биік идеалдар, ұлы мақсаттар жайлы ой толғады, туған халқының болашағының жарқын болуын аңсады.

(Абай даналығы туралы, интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолындағы Хакім даралығы жөнінде түрлі бағыттарда көп айтуға болады. Мен уақытты үнемді пайдалу үшін тек жекелеген бағыттарға ғана тоқталғанды жөн көрдім).

Абай шығармаларының басты идеологиялық қазығы – ғылым-білімді меңгерген, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болған, береке-бірлігі жарасқан, ой-өрісі дамыған халықтың болашағы, тәлім-тәрбиесі, ғылым-білімі.

Ежелгі Қытайдың ұлы ұстазы Конфуцийдің «Ең үлкен саясат – тәрбие» деген қанатты сөзі бар. Қазақтың көзінің қарашығындай қорғаған, қызғыштай қорыған бір ғадеті – ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы.

Біз бү­кіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. За­ман талабына сай білім алу интел­лек­туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Ғылым-білімді терең меңгеру – болашағы мәңгілік елдің маңызды бағытының бірі. Рухани кемелділік те, ұлттық таным мен тәрбие де біліммен молая түсері хақ.

Абай мұрасына үнемі сүңги берсек, тереңге бойлай түсеріміз анық. Рухани байлық та, кемелділік те сол тереңдікте. Ақынның өзі:

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән

Тереңге бет қоймаса , –

дейді емес пе?! Ал сол тереңдік Абай мұрасында жатыр ғой...

Хакім өзі: «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды», – деп айтқанындай, әрине, мұхиттай терең Абай тұңғиығына бойлау мол білімді, зор ақылды қажет етеді. «Қазақтың бас ақыны» деп Абай ұлылығына тағзым жасаған Ахмет Байтұрсыновтың: «Абай сөздері  жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда»,- дегеніндей әлемнің Абайын әлі де болса толық тани да алмай, таныта да алмай  жатсақ, ол ақынның кемшілігі емес, біздің, бүгінгі ұрпақтақтың кемшілігі.

Хакім Абай айтқан әр сөз, құнды ой өміршеңдігімен маңызды. Қанша уақыт өтсе де, замана көшінің әр кезеңде де маңыздылығы артып келе жатқандығы анық.

Шындығында да қазіргі таңда да «Оқыған білер әр сөзді» дегендей ғылым-білімге ден қоюымыз қажет. «Ғылым таппай мақтанбауымыз, Өнер таппай баптанбауымыз» керек. «Артық  білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп кітап құмарлығымызды арттырып, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» тек білімге, ақылға, еңбекке сенуіміз қажет. Сол себептен де қазіргі нарықтық заманда бос жатпай «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп ойлап, мал ізде»,- дегеніндей жанталаса еңбек ету қажет. «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек» керек. «Адал бол – бай тап, Адам бол - мал тап», -дейді Абай. Ал мал табудың да негізі – білім мен ғылымда екендігі ақиқат.

 «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», «Керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керекпіз»,- дейді Абай хакім.  Ақын айтқандай «Дүние де өзі мал өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» емес пе қазіргі таңда да.

Абай мұрасы – «Толық адам», «Кемел адам» болудың концепциялық тұғыры. Адами қасиеттер адамды қанаттандырып, озық идеялар тудыруына септігі тиеді. Абай ел болашағы үшін «толық адам» ілімін жасады. Адамгершілік адамзатты ізгілікке жетелейтін қасиет екенін дәлелдеп, мәдениеті жоғары өркениетті ел болуға жетеледі.

«Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтықтан» алыс болып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымға» асыққан ұрпақ береке-бірлігі жарасқан, ой-өрісі дамыған елде достықтың туын жығылтпай жоғары ұстауы шарт.

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек.

Ақылға сәуле қонбаса

Хайуанша жүріп күнелтпек

Өмірдің сыр-қырын түсінгісі келген ойлы адам, қай ілім пайдалы, қандай таным зиян екенін айыра білу үшін ізденеді, терең толғанады, барлығын тең салмақтайды.

Қоғам, табиғат, жалпы әлемді біртұтас дүние ретінде тану барысында пенде бүгіні мен өткенін ғана емес, ертеңі мен болашағын саралай отырып, тың пайымдар жасау адами ерекшелігінің жемісі екендігіне маңыз беруі де қажет. Адамның табиғатын ашуға талпынған бұл құбылыстарды білу ойлау қызметінің жемісі. Келешегін жоспарлай алмас хайуаннан айырмашылығы. Ендеше, таным туралы ғылым – Абайдың түйсік туралы айтылған ойларына сай келеді. Біз ақиқатты қалай көреміз, жаратылыстың сан қырлы құпияларын қалай сеземіз? Осы көрген, сезген дүниені қалай қорытамыз, қалай нәитиже шығарамыз? Міне, Абай даналығы осы бір сұрақтарға қазақы таныммен жауап беруінде.

Бүгінде ғылым, технология және экономика адамның психологиялық және моралдық дамуынан озып барады. Ақпараттың молдығынан, оған ілесе алмай адам бойына үрей, қорқыныш пайда бола бастады. Немесе «жігерлендіретін» себеп іздейді. Бұл мақсат пен мұрат деген қасиеттің төмендеуінің белгісі. Абай адам өміріндегі бұл мәселені жиырмасыншы сөзінде «жалығу» деген.

«Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды», – дейді Хакім Абай. Осы өзгеріс бағытымен адам да жаңарып отыруы тиіс. Жетістікке деген талпыныс сыртқы байлық екенін ұғынғанымыз жөн, ішкі жан дүниемізді байытуға деген талаптың да зор болғаны абзал.

Бақытқа апаратын дүние – ұлы Абайдың сөзінде. Ақын сөзі – осындай жандар көкірегін рухани дерттен құтқаратын құндылық, даналық дарытатын қазына.

Иә, қазіргі заман адамы жаңа дәуір ақпараты мен ғылым тудырған алуан құндылығына сіңісіп, рухани құндылықты ысырып тастады. Сөйтіп, өмірдің мәні мен адам деген қасиетін жоғалта бастады. Бөлшектенген адами болмысты қалпына келтіретін дүние – халықтың ежелден келе жатқан рухани-әдеби құндылықтары. Осы мол байлықтың қатарынан маңызды орын алатын Абай мұрасы.

Адам өмірге келген соң, әрине, оның міндетті түрде бұл өмірдегі өзінің бір мақсат-міндеті болмақ. Сол міндетті орындау барысында қоршаған ортасымен тығыз байланыста болып, адами құндылықтарға негізделген тіршілік етерге керек. Дүниеге келген әр адам белгілі бір нәрсеге бейім де болып келеді. Адамның өз жолын табу деген де осыдан шықпақ. Барар бағытын, нақты ұстанымын анықтамай қызыққа еріп, жеңілге сеніп, бір нәрсенің артынан қуалап жүру де қауіпті. Ол жан қалауы емес, тіршілікті бос өткізу болып шығады. Шынайы құндылықтан алыстап, өмірің мағынасыз болып, тіршіліктен қош айтысарда өкініші де көп болмақ. Сол себептен де өз өзіңе есеп беріп, өткен өмірге қарап сабақ алу өте маңызды. Адамның өзін, басты мақсатын жоғалтып алудан сақтандыратын тәсіл. Әр отбасы ұлттық құндылықтарды бағалап, басты назарда ұстаса, өсіп-өніп келе жатқан ұрпақтың болашағына өнеге. Көкірегі рухани құндылыққа қанып өскен бала өз бейімін тез тауып алады. Әр ойланып басқан әрекеті дара тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді. Қоршаған әлеуметтік ортада да өз орнын таба алмақ. Өзгеден дара, өзгені де түсіне алатын, төңірегіндегі халықпен де бірге жұмыс істей алатын, жауапкершілігі мол адами болмысы жетіледі. 

Адами болмыс қалыптасу үшін әр адам бойына рухани құндылықтарды дарыту мақсатында өзімен жұмыс жасау керек. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – дейді Абай. Міне – нақты тұжырым, айқын анықтама. Сондықтан, жалған дүниедегі адами борышымызды адал орындауға тиіспіз. Ақын айтқан адам болмысының өзін-өзі қадағалап, саналы азамат ететін қасиеттердің барлығы, қайсарлық, табандылық, төзімділік те әрдайым жоғары болу керек. Яғни адамдық борышымызды жаңғыртып отыру – міндетіміз. Абайдың түсінігінде, адамдық борыш – халқыңа адал қызмет ету, арын таза болу, талаптанып білім мен өнер іздеу, өзіндік жол табу. Өмірде адамдық борышыңды білу де – бақыт.

Абайдың да басты мақсаты мен арманы да –  халқымыздың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қасиетімен даралануы. Ғылым-білім жолына үндеген, адамзаттың бәрін махаббатпен суюге шақырған, толық адамның қасиеттерін негіздеген, алланың хикметін сезу жолдары айтылған Абай мұрасының даралығы да, даналығы да әлем бойынша алдағы уақытта жарқырай берегі хақ!!!

Жандос Әубәкір,

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу

инситутының директоры, ф.ғ.к., доцент