Жеңісқожа Жұмабаев Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына екі жылдан бері тұрақты түрде келіп жүр. Осы уақыт ішінде ол «Аңыз» би ансамблінің ең белсенді мүшелерінің біріне айналды. 85 жасында алғаш рет би өнерімен айналыса бастаған ол жаңа хоббиді меңгеріп қана қоймай, үлкен жетістіктерге де қол жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жеңісқожа Жұмабаев – жоғары мәдениетті, парасатты, зиялы, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тұлға. Табандылығының, еңбекқорлығының және өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында аз ғана уақыт ішінде «Аңыз» ансамблінің құрамында Астана мен Қарағанды қалаларында өткен республикалық байқаулардың Бас жүлдесінің иегері атанды. Сонымен қатар, Түркияда өткен «Dance with Your Soul!» халықаралық би байқауында ансамбльмен бірге бас жүлде жеңіп алып, кезекті үлкен жетістікке қол жеткізді.
Бұл табыстардың артында ансамбль жетекшісі әрі хореограф Ирина Смағұлованың кәсіби еңбегі жатыр. Екі жылдың ішінде ол бірнеше би тобын дайындап, «Қыздара-ай» халықтық ансамблін, сондай-ақ, «Элеганс» және «Аңыз» би ансамбльдерін құрды. Оның мол тәжірибесі мен тәлімгерлігінің арқасында шығармашылық ұжымдар өз әлеуетін толық ашып қана қоймай, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге жетті.
Жеңісқожа ақсақалдың өмір жолы – жастың жаңа белестерді бағындыруға кедергі емес екенін дәлелдейтін, көпшілікке шабыт сыйлайтын жарқын үлгі.