Несие алу – оңай, қайтару – қиын

Ақшадан қысылғанда бәріміздің баратын «панамыз» – банк. Қиналып келгенде өгей көрмей, қанатының астына басады. Қайтарымсыз көрінген «жақсы» несиенің төлемі қаншалықты қиын? Бүгінде несиенің әлегімен әбігер болғандар көп. Бір адамның банкке қыруар қарызы екінші банктен несие алуға кедергі болмайды. Қарыз алушының төлем қабілеті неге ескерілмейді? Салдарынан айлығы шайлығынан аспайтын азаматтардың басында төлейтін несиесі көбейді.
Бір батырма – бір жылдық қарыз
Цифрлы заманда сиқырлы қолжетімділік халықтың кәдесіне жарап тұр. Үйден шықпай-ақ көп шаруаны реттеуге болады. Несиеге деген әрекет те дәл солай. Ұялы телефоннан банктің қосымшасына кіріп, керек еткен ақшаңызға өтінім берсеңіз, 1-2 минутта қаражатыңыз толығып тұрады. Несие алу жылдам, бірақ қайтару берешегі ұзаққа созылады. Үстеме ақысы да еселене бермек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің берген деректеріне сүйенсек, халыққа берілген кредиттер өткен жылы 20,3 трлн теңгені құраса, биыл наурызда тұтынушылық қарыздардың көлемі ұлғайып, 21,4 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып барады.
«Қазақстанға JP Morgan сияқты ең төменгі пайыздық мөлшерлемесі бар банк келсе де, 15,5 пайыздан төмен несие бере алмайды. Өйткені ол шығынға ұшырайды» дейді экономист-сарапшы Айбар Олжай. Яғни бұл несиенің үстемақысы әзірге төмендемейтінін білдіреді. Мәселен, 200 мың теңге несие алсақ, пайыздық мөлшерлемесі қалай өзгеретінін зерттеп көрейік. Екінші деңгейлі банктер, атап айтқанда, Forte bank пен Halyk bank несиені бір жылға бергенде, пайыз мөлшері 13 пайыз болса, ал Jusan bank – 22 пайыз, Kaspi bank 23 пайызды құрайды: 4 түрлі банк, 4 түрлі шарт. Сондықтан несие алар кезде, шешім қабылдамас бұрын алдымен салыстырған жөн.
Несие нәсіп бола ма?
– Бүгінде еңбекке жарамды халықтың 85-90 пайызының атына несие тіркелген. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Ең өкініштісі, бұл несиелердің көбі кәсіп бастауға емес, тұтынушылық мақсаттарға жұмсалады. Халық тұрмыс техникасын алады, той жасайды, бұрынғы қарызын жабады. Мұның басты себебі – қаржы сауатының төмендігі. Көп адам несие шарттарына терең үңілмейді. Бастысы – «қазір керек», ал кейінгі салдары туралы ойланбайды. Банктер де соны пайдаланып, жылдам рәсімдеуге, қосымша қызметтерге сүйенеді. Бүгінде банктердің несие портфелінің басым бөлігі тұтынушылық бағытқа арналған. Бұл – қысқа пайда, бірақ ел үшін қауіпті үрдіс. Сондықтан банктер корпоративтік, яғни бизнесті несиелендіруге көшуі тиіс. Халыққа несие алуды емес, оны дұрыс басқаруды үйрету қажет. Қаржы сауаттылығы – тек жеке адамның емес, бүкіл елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі, – дейді қаржы саласының маманы Нұржан Сейтматов.
Несиеден дәм татқандар тек ересектер емес. Қарыздар болғандардың қатарын жастар да толықтырып тұр. Заманның озық үлгілі технологиясын алып, оқ бойы озып шығуды ойлайды. Қаражат жоқ, тағы да несиенің көмегіне жүгінеді. Бірақ қаржы сауатсыздығы, жоспарсыз қадам және эмоциялық шешім олардың өмірін күрделендіріп жібереді. Қарыздан қашып, жақындарынан жасырынып, ішкі күйзеліске ұшырайды.
Берешегін өтей алмай, банктің қара тізіміне енген елордалық Әлішер Байбосынұлы алғашында несиені жай ғана телефон алайын деп алғанын айтады.
«Ай сайын 20 мың теңге ғана төлейсің» деді менеджер. Бірақ жұмысым тұрақты емес еді. Бір ай төлеп, екіншісін кешіктірдім. Сөйтіп үсті-үстіне өсімі қосыла берді. Артынан коллекторлар хабарласып, ата-анама дейін мазалап, жүйкемді жұқартты. Қазір ештеңе алмас бұрын он рет ойланып барып шешім қабылдаймын. Несие – уақытша қуаныш, бірақ егер есебі дұрыс болмаса, ұзаққа созылған өкінішке айналады екен» дейді ол.
Халық қажеттіліктен банкке жүгінеді. Тұрақты табысы жоқ Әлішер секілді азаматтарға несие оңай беріле салған сияқты.
Сауатсыздық салдары
Халықтың несие алудағы қателіктері көбіне қаржы сауатының төмендігінен туындайды. Көп адам несие алу қажеттілігін нақты бағаламай жатып шешім қабылдайды. Мәселен, қажетсіз заттарға немесе той-жиындарға несие алу оны қайтара алмауға әкеледі. Төлеуші тарап банк пен несие алушының келісімшартын толық оқымастан қол қойып, ақшасын тезірек алуды ойлайды. Оның салдары үлкен қателікке алып келуі мүмкін.
Экономист Мақсат Халық қазіргі кезде несиесіз адам табу қиын екенін айтады. Кез келген несие пайдалы бола бермейді.
«Банк ұсынып тұр екен деп құжаттарға көз жүгіртпестен қол қоя салу – үлкен қателік. Несие алудың да өз тәртібі, есеп-қисабы бар. Қаржылай сауатты адам, ең алдымен, шарттармен мұқият танысып, депозит пен несиенің тиімдісін таңдай білуі керек» дейді сарапшы.
Жалпы көп жағдайда несие алғаннан кейін оны өтеу жоспарын құра алмайтындар көп. Қиындық туындағанда, бұрынғы несиені жабу үшін жаңа несие алу секілді қателік жиі жасалады, бұл қаржылық ауыртпалықты арттырады. Бұған қоса, өз төлем қабілетін ескермей несие алу да өзекті мәселеге айналды. Несиені тұтынушылық мақсатта пайдаланып, оны бизнеске немесе инвестицияға айналдыру жолдарын білмеу де азаматтарды қаржылық қиындыққа душар етеді. Сондықтан несие алу алдында нақты жоспар құрып, қаржылық жағдайды мұқият бағалау өте маңызды. Бұл қаржылық сауаттылықты арттырып, жауапкершілікпен қарауға үйретеді және қаржылық қиындықтардан сақтайды.
Өзің біліп, бұғау сал!
Қарыз алудан қашсаңыз, ең тиімді жолы бар. Еліміздегі eGov порталында халықты несиеден шектеуге арналған норма іске асуда. «Тоқта, кредит!» қызметі арқылы азаматтар 6 ай мерзімге өз атына несие алуға тыйым сала алады. Бұл шектеу кезеңінде банктер мен микрокредиттік ұйымдар азаматтың атына несие рәсімдей алмайды. Егер осы мерзімде азаматтың атына заңсыз несие рәсімделсе, онда ол қарыз автоматты түрде жойылады. Бұл норма 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енді. Сол жылы бұл қызметті 920 мыңнан астам қазақстандық пайдаланған екен.
Егер азамат аталмыш қызметті қосып, өз атына несие алуға тыйым салған болса, ал соған қарамастан банк немесе микроқаржы ұйымы ол тыйымды елемей, оған несие рәсімдесе – бұл жағдай енді тұтынушының емес, қаржылық ұйымның тікелей жауапкершілігіне жатады. Мұндай жағдайда несие заңсыз деп танылады және толық көлемде кешірілуі тиіс. Бұл – азаматтың құқығын қорғайтын нақты әрі заңды норма. Яғни тұтынушы өзінің қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз етсе, қаржылық ұйым оның шешіміне құрметпен қарауы тиіс. Әйтпесе барлық салдары сол ұйымның өз мойнына жүктеледі.
Жобаның тағы бір ұтымды тұсы – сіздің атыңызға жаңа несие алу мүмкіндігін бөгейді, яғни алаяқтардың сіздің атыңызға заем рәсімдеуіне жол бермейді. Алайда бұған дейін алған несиелеріңіз, ипотекаңыз немесе бөліп төлеу төлемдеріңіз өз күшінде қалады және оларды мерзімінде өтеуіңіз керек. Бұл қызмет жаңа қарыздардың берілуін тоқтатады, бірақ бұрынғы қарыздарды жоюға немесе кешіруге әсер етпейді.
Сондай-ақ бұл қызметте шектеудің мерзімін өзіңіз таңдап, кез келген уақытта келісімді үзе аласыз. Осындай әдіс арқылы несиенің құрсауынан қашып, уақытша бұғау салуға болады.
Қарызы жоқ адам – бай адам
Бүгінде біреу «менде несие жоқ» десе, айналасы таңырқай қарап, тіпті одан асқан бақытты адам жоқтай көреді. Расында, қазіргі қоғамда қарызсыз өмір сүру – таңсық нәрсе. Несие алу қалыпты үрдіске айналып кеткен. Бірақ бұл қалыпты үрдістің артында көпшілік аңғармайтын қауіптер мен қателіктер жасырынып жатыр.
Несие – қаржы құралы. Ол дұрыс қолданылса – үлкен мүмкіндік, ал есепсіз алынған қарыз – қыл мойынға түскен қамыт. Несие адамның бүгінгі табысын емес, ертеңгі табысын алдын ала жұмсауы. Яғни болашақтағы еңбегіңізді кепілге қоя отырып, қазіргі мақсатты қанағаттандыру. Мұнда басты мәселе – адамның өз мүмкіндігін асыра бағалауы. Қоғамда қалыптасқан көзқарас бойынша бәрі тез, бәрі оңай әрі қолжетімді болуы керек сияқты көрінеді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен жарнамалар арманды тауарға айналдырып жіберді – жаңа телефон, сәнді көлік, қымбат киім, шетелдегі демалыс… Ал несие сол арманға бір қадам жақындататын құрал болып көрінеді.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті