Несие алу халықтың соры болуға тиіс емес

Несиенің пайдасын көріп, бағы ашылып жатқан жұрттар да бар. Бірақ қазір несиеден несиеге (кредиттен кредитке) дейін күнелтіп жүргендердің бас қайғысын ешкімге бермесін.
Қанша дегенмен, нарық заманында қарызданып күн кешу ешкімге де оңайға түспейтіні белгілі. Тұтас алғанда, елімізде сондай қамыт кигізетін ұсақ ұйымдардың әлі де жұмыс істеп жатқанына кім кінәлі? Айласын асырып жүрген жекелеген банктерге, оның иелеріне мемлекет тарапынан қолданып жатқан бірқатар шарадан жұртшылық неге хабарсыз? Жариялылық қайда? Әлде қабылданған заңдар жұмыс істемейді ме? Кредиттен көз ашпайтындардың ертеңі не болмақ?
Атам қазақ «Сүтқордың (сүтқор – өсіммен дүние тауып, пайда көретін адам) үйін бәлеқор жығар» деп бекер айтпаған шығар (атаулы сөздің анықтамасы ретінде: түрікменше: сүйтхор – өсімқор, өсім алушы (туркм.-рус. сл., 1940) Сол сүтқорлығыңмен байығаныңды көрмедік қой; өзбекше: суздур өсімқор, пайдақор (узб.-рус. сл., 1959); қарақалпақша: сүтқор – сараң, өсімқор (қарақ.-рус. сл., 1958).
Елімізде қаптап кеткен ұсақ несие үлестіргіш ұйымдар мен банктер қызметкерлеріне осының мәнін ұқтырса, кім білсін, басқаша көзқарас қалыптасар ма еді? Өйткені алдауға көніп, арбалып жатқан да өз еліміздің мұқтаж азаматтары. Келісімшартта не үшін қол қойғанына есеп бере алмайтын міскіндер саны азаймай тұр.
Қайткенде де азаматтардың қаржы сауатын арттыру – мемлекеттік маңызы бар іс. Ал оны атқарудан тиісті үкіметтік құрылымдар, сонымен бірге қоғамдық бірлестіктер мен саяси ұйымдар да шет қалмауға тиіс деп санаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ,
қоғам қайраткері