Neo Nomad визасы 14 шет мемлекеттің азаматтарына берілді

Қазақстан саяхат пен қашықтан еңбек етуді ұштастыратын адамдар үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Өткен жылы іске қосылған Neo Nomad Visa аясында 14 шет мемлекеттің 27 азаматы елімізде бір жыл мерзімге тұруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Neo Nomad Visa алғандар қатарында АҚШ, Канада және Франция елдерінің азаматтары басым. Сонымен бірге виза Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Ирландия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Аустралия, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Латвия және Польша азаматтары да берілген.
Neo Nomad Visa әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл виза арқылы шетел азаматтары өз елдеріндегі компанияларда қашықтан жұмысын жалғастырып, Қазақстанды бір жыл ішінде танып-біле алады.
Визаның бұл түрі бойынша Қазақстанда еңбек ету мүмкіндігі қарастырылмағанын атап өткен жөн.
Визаны алу үшін шетел азаматтары еліміздің шет мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдық мекемелеріне жүгінуі тиіс.