Мәдениет

«Наз» театрының «Нұрғисасы»

«Наз» мемлекеттік би театры аса көрнекті күйші-композитор, дарынды дирижер, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Нұрғиса» хореографиялық спектаклін қайта ұсынды. Жаңғырған туындыны Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен тамашалады.

Театр ұжымы ұлт рухын асқақтатқан дара тұлғаға тағзым ретінде оның өмірі мен шығармашылығын би тілімен бейнеледі. 2011 жылы қойылған портреттік қойылым – қазақ музыка өнерінің алып тұлғасына арналған хореографиялық ескерткіш, театр репертуарындағы інжу-маржан қойылымдардың бірі. Қазақ музыкасын биік деңгейге көтерген көрнекті тұлға Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен оның ұлттық өнерге қосқан өлшеу­сіз үлесін дәріптеу мақсатында қойылған спектакльде композитордың 30-дан аса шығармасы орындалып, «Кел, еркем, Алатауыма», «Көш-керуен», «Алатау», «Куә бол», «Ата толғауы» сияқты халық сүйіп тыңдайтын туындылары хореография тілінде сөйледі.

«Дүниеге келуі», «Балалық шағы», «Жастық шағы», «Шыңдалу», «Алып тұлға» атты бес бө­лімнен тұратын спектакльде композитордың өмір жолы мен өнердегі өрнегі көрермен көз алдында би лентасы іспетті өрілді. Қойылымға «Тұлпар» және «Айша бибі» балалар би ансамбльдері де қатысты (жетекшісі – Сымбат Қойсоймасов).

«Нұрғиса Тілендиевке арналған бұл қойылым – біздің театр репертуарындағы айрықша туынды. Ол – қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмірін би тілімен бейнелеген хореографиялық ескерткіш.

Спектакль жастарды ұлттың рухын сезінуге, халық музыкасын құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған» дейді театр директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, спектакльдің қою­шы режиссер-хореографы Еркебұлан Ағымбаев.

Либретто идея авторы – Нәсіпті Байымбетова. Өңдеу­ші – Мұхаметқали Тіналин. Музыкалық редакторы – Нұрфат Вахитов. Балетмейстерлері – Қ.Ағымбаева, М.Айтмағамбетова Д.Сүлейменова Н.Леонтьева. Костюм дизайнері – Қ.Кагенова. Хормейстер – Ж.Жұлқаш. Бейне көріністермен әрлеуші – Қ.Мұртазина. Сценограф – Ж.Қалтаев. Ғылыми кеңесші – Қ.Сайжанов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button