Наурызнама онкүндігінің бесінші күні – Ұлттық киім күні
18 наурыз, яғни Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің бесінші күні – «Ұлттық киім күні» атап өтіледі. Бұл күн халықымыздың тарихын, дәстүрі мен талғамын айқындайтын мәдени мұра ұлттық киімге арналады. Ұлттық киім – халықтың тарихы мен дүниетанымын бейнелейтін, өткен мен бүгінді жалғап тұрған мәдени құндылық, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осыған орай республикалық мәдениет ұйымдары бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде дәстүрлі киімнің ерекшеліктері көрініс тапқан «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты көрме өтуде. Мәдениеттерді жақындастыру орталығында ұлттық киімді насихаттауға бағытталған «Ұлттық киімдерді ұлықтайық» атты тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде этнодизайнерлік сән көрсетілімі өтіп, онда дәстүрлі костюмнің заманауи үлгілері ұсынылуда. Алматы қаласында Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының қатысуымен Оқушылар сарайында ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шаралар ел өңірлерін де қамтыды. Әртүрлі жастар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қалаларда ұлттық киім шеруі, челлендждер, тақырыптық акциялар мен флешмобтар өтуде. Ақтөбе облысында ұлттық киім көрсетілімдері мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылса, Ақмола облысында дәстүрлі киімді насихаттауға арналған челлендж өтуде, Қарағанды облысында тақырыптық фестивальдер мен байқаулар, ал Маңғыстау облысында ұлттық костюмді цифрлық форматта таныстыруға бағытталған заманауи технологияларды қолданатын жобалар іске асырылуда.
Осылайша, бұл айшықты күн халықтың мәдени кодының ажырамас бөлігіне айналып, ұлттық киімді қазіргі қоғамдық өмірде кеңінен насихаттауға, дәстүр мен заманауи талғамды ұштастыруға ықпал етеді.



