«Наурызнама-2026»: Астанада ұлттық спорт түрлерінен қойылым ұсынылады
Астана қаласы маңындағы «Арғымақ» ат спорт және ұлттық спорт түрлері клубы аумағында «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған ұлттық және ат спорты түрлерінен көрсетілімдік қойылым өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында көрермендер қыз қуу, аударыспақ, көкпар және теңге ілу сияқты ұлттық ойындарды тамашалай алады. Сонымен қатар қазақы тазы иттерінің және қыран құстардың көрмесі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, дәстүрлі аңшылықта пайдаланылатын қыран құстар – Бүркіт, Ителгі және Қаршыға таныстырылады.
Еске сала кетейік, Ұлттық спорт күні Қазақстанда алғаш рет 2024 жылы аталып өтті. Бұл мереке ұлттық ойындарды насихаттауға, дәстүрлі мәдениетті дәріптеуге және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Ұлттық спорт түрлерінен өтетін бұл көрсетілімдерді көрермендер тегін тамашалай алады. Сонымен қатар, «Арғымақ» ат спорты және ұлттық спорт түрлері клубы аумағына №10, №302, №303 және №308 бағыттарындағы автобустар қатынайды.
Айта кетейік, Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған көрсетілімдік қойылым Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан өткізіледі.



